Ақмола облысында көкпардан жаттығу кезінде жасөспірім қаза тапты

Ulysmedia
Фото: gov.kz

Ақмола облысында көкпар жаттығуы кезінде жасөспірім қаза тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.

Толығырақ

Ақмола облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға алдын ала дерек бойынша, 26 мамыр күні Целиноград ауданында болған. Көкпарға жаттығу кезінде 2012 жылы туған кәмелетке толмаған жасөспірім аттан құлап, көз жұмған.

– Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.Тергеу аясында жаттығуды ұйымдастырушылар мен қатысушылардың қауіпсіздігіне жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі, – делінген полиция мәлімдемесінде.

БАҚ-та тараған ақпаратқа қарағанда, оқиға Рақымжан Қошқарбаев ауылдық округінде болған. Қаза тапқан жасөспірімнің жасы 14-те болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, жаттығу ересек көкпаршыларға арналған. Кәмелетке толмаған жасөспірім шараға туыстарымен бірге келіп, келмей қалған қатысушылардың бірін алмастырған.

Сондай-ақ, іс-шараның ресми түрде келісілмегені және тіркелмегені хабарланды. Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен аудан әкімдігі бұл жаттығудың өтетіні жөнінде хабардар болмағандарын мәлімдеді.