Мәжіліс жергілікті басқару және өзін-өзі басқару туралы заң жобасын екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Суррогат ана болу туралы өзгеріс
Заң жобасында суррогат ана болуға қатысты да түзетулер бар.
«Суррогат ана болу қызметіне тапсырыс берушілер тек Қазақстан Республикасының азаматтары және ресми некеде тұрған адамдар ғана бола алады», – деді Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров.
Заңға сәйкес, мәслихат төрағасы лауазымын бір адамның қатарынан екі мерзімнен артық атқаруына шектеу енгізіледі.
Сондай-ақ инвесторлар мен стратегиялық маңызы бар кәсіпкерлік субъектілеріне жер учаскелерін алу тетігі жеңілдетіледі. Олар енді бас жоспарды әзірлеу немесе өзгерту аяқталғанын күтпей-ақ жер алудың икемді рәсімдерін пайдалана алады.
Заңнамаға «жеке сот сарапшысы» ұғымы енгізіліп, сот-сараптама қызметіне жеке мамандардың қатысу тәртібі реттеледі.
Сонымен қатар EPC+F тетігін қолдану ауқымы кеңейтіледі. Бұл жағдайда тек мемлекеттік органдар ғана емес, квазимемлекеттік сектор ұйымдары да тапсырыс беруші бола алады.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы
«Дипломмен ауылға» бағдарламасының қатысушылар тізімі кеңейтіледі. Енді оған цифрлық технологиялар мен архив ісі саласының мамандары да қосылады.