Қазақстандағы Haileybury Wellington International Schools қарамағына өтеді

Ulysmedia
Wellington International Schools

2027 жылдан бастап Wellington International халықаралық білім беру тобы Haileybury Almaty және Haileybury Astana мектептерінің жаңа серіктесі болады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz 

Қазақстандағы Haileybury Almaty және Haileybury Astana мектептері енді әлемдегі беделді британдық білім беру ұйымдарының бірі – Wellington тобының құрамында жұмыс істейді. Білім ошақтары сәйкесінше Wellington Almaty және Wellington Astana атауына ие болмақ.

Жаңа серіктестік мектептердің халықаралық деңгейдегі мүмкіндіктерін кеңейтіп, оқушылар мен мұғалімдер үшін жаһандық білім беру ресурстарына жол ашады. Сонымен қатар Қазақстанның сапалы халықаралық білім беру орталығы ретіндегі мәртебесін күшейтуге бағытталған.

1853 жылы құрылған Wellington жоғары академиялық стандарттарымен, инновациялық тәсілдерімен және оқушылардың жан-жақты дамуына басымдық беруімен танымал.

«Ұзақ мерзімді даму стратегиясы аясында мектептер мемлекеттік білім беру ұйымдарымен ынтымақтастықты жалғастырып, үздік тәжірибелерді таратуға үлес қоса береді. Бұл Қазақстанның білім беру жүйесін кең ауқымда дамытуға деген ұмтылысты көрсетеді», – деді Haileybury Almaty және Haileybury Astana Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Иан Хант.

Серіктестіктің маңызды бағыттарының бірі – жасанды интеллект технологияларын білім беру жүйесіне енгізу. Wellington тобы осы мақсатта арнайы ЖИ институтын дамытып келеді. Институтты Microsoft Education компаниясының бұрынғы басшысы әрі Ұлыбритания үкіметінің білім беру саласындағы ЖИ жөніндегі кеңесшісі Кристофер Ротвелл басқарады.

Сондай-ақ қазақстандық мұғалімдер әлемнің жетекші сарапшыларын біріктіретін Wellington Education Festival халықаралық білім беру форумына қатысу мүмкіндігіне ие болады. Болашақта бұл фестивальді Қазақстанда өткізу жоспары да қарастырылып отыр.

Мектептердің гранттық бағдарламасы да сақталады. Оның аясында жыл сайын 25 оқушы оқу ақысының 90-100 пайызын өтейтін грант иелене алады.

Жоба коммерциялық емес форматта жұмысын жалғастырады. Мектептердің барлық табысы инфрақұрылымды дамытуға, жаңа технологияларды енгізуге және білім сапасын арттыруға қайта инвестицияланады.