«Қызымның атын сұрап жатырсыздар ма?»: Димаш жеке өміріне қатысты пікір білдірді

Қалижан Бектемір
ашық дереккөз

Әйгілі әнші Димаш Құдайберген Instagram желісіндегі тікелей эфир барысында жеке өміріне қатысты тараған түрлі әңгімелерге жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ӘНШІ НЕ АЙТТЫ?

Досы әрі әріптесі Расул Усмановпен бірге эфирге шыққан өнер иесінен оқырмандардың бірі қызы туралы сұрақ қойған. Бұған Димаш әзілмен жауап қайтарды.

Қызымның атын сұрап жатырсыздар ма? Егер менің қызым бар екенін білсеңіздер, маған да айтыңыздаршы. Өзіме де оның қайдан шыққаны қызық болып тұр, – деді әнші күліп.

Димаштың айтуынша, әлеуметтік желілерде оның отбасы, балалары бар екені туралы түрлі қауесеттер жиі тарайды. Тіпті кейбір адамдар оның бірнеше әйелі бар деп те ойлайды.

«ӘЙЕЛІМ, БАЛАЛАРЫМ БАР ДЕП АЙТАДЫ»

Неге екенін білмеймін, бірақ жұрт менің отбасым мен балаларым бар деп есептейді. Кейбірі тіпті бірнеше әйелім бар дейді, – деді ол.

Әнші қазіргі таңда бойдақ екенін және бар уақытын шығармашылығына арнап жүргенін атап өтті.

Күні бойы студияда жұмыс істеймін, концерттерге дайындаламын. Қазір де студиядамыз. Сондықтан әзірге үйленген жоқпын, – деді Димаш.

Сондай-ақ ол болашақта шаңырақ көтерген жағдайда да жеке өмірін көпшілік назарынан тыс ұстауды жөн көретінін айтты. Өнер иесінің сөзінше, отбасы бақыты тыныштық пен жариялылықтан алыс болғанды қалайды.

Еске сала кетсек, бұған дейін Димаш Құдайберген жастарға 40 жасқа дейін аянбай еңбек ету керек екенін айтқан болатын.

ӘНШІНІҢ КЕҢЕСІ

Көңіл-көтеру кештеріне қарсымын. Шаршамау керек. Шаршасаң енді не істеймін, не кәсіп бастаймын деп ойлану керек. 40-жасқа дейін өте көп еңбек ету керек. Кейін зейнетке шыққанда демалу керек, - деді Димаш Құдайберген