Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі импорт кезінде қосылған құн салығынан босатылатын тауарлар тізімін бекітті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Тізімге не кірді
Тізімге ақпараттық технологиялар инфрақұрылымына, есептеу техникасына және электроника өндірісіне қатысты 41 түрлі өнім енгізілген. Жаңа ережелер 2029 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болады.
Импорт кезінде ҚҚС-тан босатылатын тауарларға ноутбуктер, компьютерлер, серверлер, деректерді сақтау құрылғылары, мониторлар, проекторлар, микропроцессорлар, электрондық модульдер, жартылай өткізгіштерді өндіруге арналған жабдықтар, сондай-ақ басқа да бірқатар өнімдер кіреді.
Тізімге дайын есептеу машиналарымен қатар олардың бөлшектері де енгізілген. Олардың ішінде қатты дискілер, жады құрылғылары, деректерді енгізу және шығару құрылғылары, электрондық платалар мен интегралды схемалар бар.
Сонымен қатар, жеңілдік кейбір навигациялық жабдық түрлеріне, теледидар техникасына және арнайы өлшеу құралдарына да қолданылады.
Контекст
ҚҚС-тан босату Салық кодексінің 479-бабы 1-тармағының 11-тармақшасында қарастырылған. Билік бұл шара цифрлық жабдықты импорттау шығындарын азайтып, Қазақстанда IT-инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді деп есептейді.