Бұрынғы вице-министр тоқал алудың арты немен аяқталғанын айтты

Ulysmedia
Ашық дереккөзден

Бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Эрик Байжүнісов тоқал алу мәселесіне қатысты ойын айтты, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Толығырақ 

Эрик Байжүнісов тоқал алған досының оқиғасын айтып, көпшілікке ой салды. Айтуынша, сымбатты досының екінші әйел алуы қайғылы аяқталған көрінеді. 

“Байқағаным, кейбір ер адамдардың жолдан тайдыратын басты нәрсе – ақша мен арақ. Осы екеуі үстемдік еткен жерде адамның ойы да, бағыты да өзгеріп кететін сияқты.” Қазақ байыса қатын алады” деген сөз де бар. Қолына сәл дәулет түссе, кейбіреулер не істерін білмей, артық қадамдарға барып жатады. Бұрынғы заманда мұндай жағдайлардың өз себебі болған шығар, бірақ қазіргі уақытта мұндай отбасылардың шынайы бақытты өмір сүретініне өз басым күмәнмен қараймын. Уақыт өте келе қиындықтар туындап, бәрібір салдары байқалады”, – дейді ол. 

Автор біраз уақыттан кейін соң әлгі жолдасы зейнетке шығып, қатты жүдеп кеткенін айтады. 

“Біраз әңгімеден кейін неге соншама қартайып кеткенін сұрадым. Сонда ол күрсініп тұрып: «Не дейсің… бір ит талағаннан гөрі екі ит талаған қиын екен» деді. Сол сөзден көп нәрсені ұққандай болдым да, ары қарай қазбалаған жоқпын. Содан кейін ол кісіні көрмедім. Кейбіреулердің айтуынша, отбасында үлкен дау туып, әйелдері соттасып, мүлікке таласып, ісі ушыққан көрінеді. Ақыр соңында түрмеге де түсіпті деген әңгіме бар. Шын-өтірігін бір Алла біледі. Бұл оқиғадан әркім өзіне тиісті қорытынды шығара жатар”, – дейді Эрик Байжүнісов.

Эрик Байжүнісовке қатысты қылмыстық іс

Эрик Байжүнісов дәрігер-хирургтен бастап Денсаулық сақтау вице-министріне дейінгі жолдан өтті. Облыстық денсаулық сақтау басқармаларында, Денсаулық сақтау министрлігінде және әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде басшылық қызметтер атқарды. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығын, сондай-ақ Салидат Қайырбекова атындағы денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығын басқарған.

2020 жылдың қыркүйегінде Эрик Байжүнісов бірнеше рет пара алды деген күдікке ілінді. Ол бұлтартпау шарасы ретінде үй қамағына алынған. Сол кезде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұрынғы вице-министрге электронды қадағалау білезігі тағылғанын хабарлады. Тергеу мүддесіне байланысты істің өзге деректері жарияланбады.

2022 жылдың сәуірінде Байжүнісовке қатысты қылмыстық іс 2021 жылдың 15 желтоқсанында "қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты" тоқтатылғаны белгілі болды.