Қазақстан Конституциялық соты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шешімімен интернет пен байланыс қызметін уақытша өшіруге мүмкіндік беретін заң нормасын Конституцияға сай деп таныды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Толығырақ
Істі қарауға 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларынан кейін бір азаматтың шағымы негіз болған. Ол сол кезде Алматыда интернет пен мобильді байланыстың өшірілуіне байланысты «Байланыс туралы» заңның кейбір ережелерін даулаған.
Өтініш беруші бастапқыда мемлекеттік органдардың әрекеттерін заңсыз деп тануды талап еткен, кейін Конституциялық сотқа жүгініп, заңдағы тиісті норманың Конституцияға сәйкестігін тексеруді сұраған.
Сот қорытындысы бойынша, даулы норма Негізгі заңға қайшы келмейді деген шешім қабылданды.
Конституциялық сот мемлекетке ұлттық қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында байланыс пен интернетке қолжетімділікті уақытша шектеуге құқық берілгенін атап өтті.
“Алайда мұндай шектеулер тек ерекше жағдайларда, нақты қауіп төнген кезде ғана қолданылуы тиіс және олар қауіп деңгейіне сай болуы қажет екені көрсетілді”, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, ақпарат алу және тарату құқығы шексіз емес, ол заң аясында белгілі бір жағдайларда шектелуі мүмкін екені айтылды.
Сот Үкіметке заңнаманы жетілдіруді ұсынды. Байланыс өшірудің нақты негіздерін анықтау, шектеу мерзімдерін нақтылау және бақылау тетіктерін күшейту қажет.