Threads желісінде өз атын жасырып, өзге бір адамды қаралайтын, жеке өміріне қатысты жазбалар жариялайтын анонимді аккаунттар көбейді. Бұл үрдіс ненің көрінісі? Заң не дейді?
ТОЛЫҒЫРАҚ
Threads желісінде қарапайым банк қызметкерлерінен бастап, танымал топтың әншілеріне дейінгі аралықтағы адамдардың жеке өміріне қатысты деректерді жариялау трендке айналғандай. Өз атын жасырып, өзге адамды қаралайтын жазба жариялайтын аккаунттар көбейді және оларға пікір жазып, лайк басатын адамдардың саны да аз емес.
Мәселен nezamenimyhnet атты Threads қолданушысы 8 маусымда KeшYOU тобының бұрынғы мүшесі Аида Смағұлова туралы жазба жариялап, әнші отбасын ойрандағанын жазды.
– 6 маусымда менің өмірім «дейін» және «кейін» болып екіге бөлінді. Күйеуімнің мағанопасыздық жасағанын білдім. Кейін анықталғандай, ол қыз – бұрынғы KeshYOU тобының мүшесі Аида Смағұлова. @aidasmagulovakz @bayanmaxatkyzy @bagym_m қандай адамды продюсерлік етіп жүргендеріңізге назар аударыңыздар. Бұл – моральдық жауапкершілігі төмен әйел. Басқа әйелдің тағдырына бейжай қарайтын жан. Ол ер адамның отбасы, 3 және 5 жастағы екі баласы бар екенін біле тұра, онымен көңіл жарастырып, жақын қарым-қатынасқа барған, – деп жазды желі қолданушысы.
Аккаунт иесі жазбасына танымал адамдардың парақшаларын да тегтеген. Постқа жүздеген пікір жазылып, мыңнан астам лайк басылған. Алайда парақшаның өзіне жалған фото қойылған және небәрі 66 жазылушысы бар.
Дәл осыған ұқсас жазбалардың бірі былтыр 28 желтоқсанда ainura80910 есімді Threads қолданушысы жариялаған. Ол «НұрБанк» қызметкерлері делінген адамдардың суретін жариялап, жеке өміріне қатысты деректермен бөліскен.
– Мен сіздерге опасыздықтың салдарынан бастан кешіп отырған жан жарам туралы айтқым келеді. Бұған Каскелең қаласының тұрғыны Жылқыбаева Индира Серғазықызы сияқты тұрмыстағы әйелдердің әрекеті себеп болды. Күйеуім Жасенов Сәкеннің әріптестері оның Нұрбанктегі жұмыс орнында осы әйелмен жақын қарым-қатынаста болғанын айтты. Күйеуім – Нұрбанк филиалының директоры, ал бұл әйел оның жаңадан тағайындалған орынбасары..., – делінген жазбада.
Бұл аккаунттың төрт ғана жазылушысы бар. Осы жазбан өзге ешқандай пост жарияламаған. Тіпті парақшасына фото да қойылмаған. Бірақ осыған қарамастан, «НұрБанк» жазбаға реакция білдірген. Банк қызметкерлеріне қатысты жарияланған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтқан.
– Тексеру барысында филиал директорының жұбайының (банк қызметкерінің зайыбының) әлеуметтік желілерде тараған мәліметтерге ешқандай қатысы жоқ екені анықталды. Таратылған ақпаратта келтірілген айыптаулар өз дәлелін таппады. Осыған байланысты аталған мәлімдемелер банк қызметкеріне қатысты жала болып саналады және оның ар-намысына, қадір-қасиетіне әрі іскерлік беделіне нұқсан келтіретін жалған ақпаратты қамтиды, – делінген банктың жазбаға қатысты берген жауабында.
Осыған байланысты «НұрБанк» құқық қорғау органдарына шағым да түсірген.
ЗАҢ НЕ ДЕЙДІ?
Қазақстанда интернет кеңістігінде анонимді аккаунттар арқылы жалған ақпарат тарату, жала жабу және ұйымдастырылған ақпараттық шабуылдардың алдын алуға қатысты заң бар. Қолданыстағы «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңы онлайн-платформаларға ұлттық заңнаманы сақтау, заңға қайшы контентке жедел әрекет ету және уәкілетті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау міндеттерін жүктейді.
Сонымен қатар, 2025 жылдың желтоқсанында Мәдениет және ақпарат министрлігі «Онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қоғамдық талқылауға ұсынды. Аталған құжатта «анонимді пайдаланушы» ұғымын енгізу, аудиториясы 5 мыңнан асатын аккаунттар мен арна иелерін міндетті сәйкестендіру (идентификациялау), сондай-ақ онлайн-платформалардың құқыққа қайшы контенттің таралуын болдырмау жөніндегі жауапкершілігін күшейту қарастырылған.
Дегенмен, бұл мәселенің екінші жағы бар. Анонимділікті шектеу мәселесі сөз бостандығы, цифрлық құпиялылық және азаматтардың онлайн кеңістіктегі еркін пікір білдіру құқығына кері әсер етуі мүмкін. Қазақстанда арагідік қандай да бір саяси науқан кезінде немесе наразылықтар уақытында ондаған мың жазылушысы бар журналистер мен блогерлердің парақшалары түрлі себептермен бұғатталып жатады. Қылмыстық кодекстің 274-бабы «Көрнеу жалған ақпарат тарату» да көп жағдайда журналистер мен саяси белсенділерге қарысы қолданылады.