Румынияның Әскери-әуе күштері елдің әуе кеңістігін бұзған тағы бір дронның жойылғанын хабарлады. Бұл - кейінгі үш күнде тіркелген үшінші жағдай, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Румыния Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, дрон 26 шілдеде жергілікті уақытпен сағат 10:13 шамасында Сулина – Килия аумағындағы елдің аумақтық сулары үстінде атып түсірілген. Оны тоқтату үшін әуеге F-16 жойғыш ұшағы көтерілді.
Бұған дейін, 25 шілдеде де Румыния әскерилері Украина шекарасына жақын маңда елдің әуе кеңістігіне кірген дронды жойған еді. Тағы бір ұшқышсыз ұшу аппараты 24 шілдеде Бузэу уезіндегі Падина қаласының маңында атып түсірілді.
24 шілдеде жойылған дронның сынықтарын зерттеген румыниялық тергеушілер оның Shahed үлгісіндегі ұшқышсыз аппарат болғанын анықтады. Румыния тарапының мәліметінше, мұндай дрондарды Ресей Украинаға қарсы соғыста пайдаланып жүр.
Румыния президенті Никушор Дан 24 шілдеде атып түсірілген дронның Ресейге тиесілі болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қалған екі аппараттың қайдан ұшып келгені әзірге анықталып жатыр.
Тергеу аяқталғаннан кейін Бухарест Ресейге дипломатиялық наразылық нотасын жолдауды жоспарлап отыр.
«Румынияның әуе кеңістігіне ендігәрі заңсыз кіруге жол берілмейді, мұндай әрекетке төзуге болмайдыы», – деді мемлекет басшысы. Ол бұл аумақтың Румыниямен қатар Еуропалық одақ пен НАТО-ның да әуе кеңістігі екенін атап өтті.
Украинада ауқымды соғыс басталғалы бері Румынияның әуе кеңістігін ұшқышсыз ұшу аппараттарының кіру деректері бірнеше рет тіркелген.