Шымкент полициясының уақытша ұстау изоляторында «суицид жасап көз жұмды» делінген Сәния Жұбанышеваның анасы мен адвокатты істің баяу жүріп жатқанын айтып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады. Марқұмның анасы Зухра Сопыбекова қызының өз-өзіне қол жұмсағанына сенбейді. Ол кінәлілер жазасын алса дейді.
ІС НЕ СЕБЕПТІ БАЯУ ЖҮРІП ЖАТЫР?
Сәния Жұбанвшева 2 мамырда жасөспірімге пышақ жарақатын салды деген күдікпен 12 мамырда қамауға алынған. Бірақ адвокаттарының сөзінше, ол өзін зорламақ болғанын айтып, арыз жазған. Алайда тергеу оны бастапқыда назарға алмаған. 15 мамырда қыз изоляторда көз жұмған.
Зухра Сопыбекова қызы зорламақ болды деп үстінен арыз жазған жігіт Шымкентте құқық қорғау органында жоғары лауазымда қызмет істейтін адамның ұлы дейді.
– Мен сол себепті де іс ұзаққа созылып жатыр деп топшылаймын. Менің қызым ешқандай дәлелсіз әу баста қалай қамауға алынғанына назар аударуды сұраймын. Жақында сараптама қорытындысын оқыдым, онда пышақта қызымның саусақ іздері жоқ екені жазылған. Тіпті ол пышақта мүлде ешқандай адамның саусақ іздері табылмаған. Бұл нені білдіреді? Бұл саусақ іздерінің сүртілгенін білдіреді, – деді ол.
«АРЫЗЫ ҚАБЫЛДАНҒАННАН КЕЙІН ҚАМАУҒА АЛЫНҒАН»
Адвокат Айжан Қосмұратова полиция Сәния Жұбанышеваның өзін зорламақ болғаны туралы жазған арызын қабылдағаннан кейін қамауға алынғанына назар аударды.
– Бастапқыда Сәния Жұбанвшева «зорлауға оқталу» бойынша арыз жазған уақытта оның шағымын назарға алмаған. Адвокаттар іске кіріскеннен кейін арызын қабылдаған. Осы уақытта оның өзін қамауға алған. Ешқандай тікелей дәлелсіз қамайды. Кез келген қамауға тікелей дәлел қажет немесе сараптама қорытындысы болуы керек. Бірақ олар жәбірленуші мен үйде болған мүдделі тұлғалардың куәлігін алға тартып, кәмелет жасына толмаған жасөспірімнің денсаулығына зақым келтірді деген сөздеріне сүйенген, – дейді адвокат.
ДАУЛЫ ВИДЕО
Зухра Сопыбекова қызым көз жұмған күні уақытша ұстау изоляторындағы бейнекамераға түскен видеолардың толық нұсқасын әлі күнге дейін көрмедім дейді. Сөзінше, полиция тек үзік-үзік видеоларды көрсеткен.
– Бізге қызым уақытша ұстау изоляторына кірген сәттен бастап, оны жедел жәрдем көлігіне мінгізген уақытқа дейінгі аралықтағы видео толықтай қажет. Ол бірнеше сағатқа созылған, бос дәліздердің видеосы болса да, ең бастысы жазба толық болсын. Маған ол менің қызымның жүріп-тұрғанын көру үшін, адвокат пен менен өзге оған кім кірді? Кім онымен сөйлесті? Себебі ресми нұсқада көрсетілгендей, қызымның өмірі ол ішкен таблеткалардың салдарынан қиылды деген нұсқамен мен келіспеймін. Менің қоғам назарына шықпасын деген себеппен бейнежазба кесілген болуы мүмкін деп топшылауға толықтай құқығым бар, – деді ол.
«БҰРЫН СОТТАЛҒАНДАРМЕН БІР КАМЕРАҒА ҚАМАҒАН»
Зухра қызының өліміне қатысты күмәнін қызын алғашқыда басқа камераға, кейіннен өзге камераға ауыстыру оқиғасы да күшейткен. Оның сөзінше, изоляторы әкімшілігі Сәния Жұбанышеваны бұрын сотталған әйелдер отырған камераға қамаған.
– Оны бұрын сотталған адамдар отырған камераға отырғызған. Заң бойынша оған жол берілмеуі тиіс еді. Ол бұрын сотталған адамдармен бір камерада отырмауы керек болған. Не бәрі 22 жастағы қызым бұрын істі болмаған еді. Бейнежазбада анық көрініп тұр, қызыма бұрын сотты болған Шылкова бірнеше мәрте келіп, ұзақ сөйлескен... Өкінішке орай, бұл бейнежазбаның дыбысы жоқ. Біз неге видеоның дауысы жоқ? деп сұрағанымызда, бөлінген бюджет дыбыспен жазатын құрылғы сатып алуға жетпейтінін айтты, – деді Зухра Сопыбекова.
Адвокат Дамир Кисмельевтың сөзінше, болған жағдайға байланысты қазір Шымкент қалалық полиция департаментінде «салғырттық» бабы бойынша изолятор қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Бірақ ол бұл жеткіліксіз дейді. Ол изолятор қызметкерлерінің үстінен «азаптау» бабы бойынша да іс қозғау қажет дейді. Оқиға болған күні уақытша ұстау изоляторында алты қызметкер болған. Бірақ оның тек екеуінің үстінен ғана іс қозғалған.
– Cәния еш уақытта қылмыстық жауапкершілікке тартылып көрмеген. Ол алғаш рет изоляторға қамалып тұр. Бірақ оны бұрын сотталған адамдармен бір камераға қамаған. Анасы айтқандай, оны алғашында басқа камераға, кейіннен басқа камераға ауыстырған. Ол не үшін жасалды? Бұған әлі күнге дейін бізге ешкім жауап берген жоқ. Не себепті изолятор қызметкерлерінің әрекетінде заңбұзушылық жоқ? Заң бойынша олай қамауға болмайтыны ашық жазылған. Изолятор қызметкерлері қамауды ғана емес, адамның психологиялық жағдайына да қарауы тиіс... Сол себепті заңбұзушылық дерегіне ғана емес, оның салдарына да құқықтық баға беруді талап етеміз, – деді ол.
«50 ТАБЛЕТКА ІШКЕН»
Зухра Сопыбекованың айтуынша, Сәния жүрекке арналған «Пропанорм» дәрісінің 50 таблеткасын ішкен. Ол бұл дәрінің камераға қалай кіргізілгеніне де күмәнмен қарайды. Дәрі Сәниямен бір камерада отырған әйелге тиесілі болған.
– Осы жерде айтқым келеді, менің қызым іште ауа тар екенін, дұрыстап ұйықтай алмай жүргенін айтып, мұрынға тамызатын тамшы алып келуімді өтінген. Мен алып келгенімде, оны оған беруге рұқсат берген жоқ болатын... 50 таблетка «Пропанорм» дәрісі қатаң тағайындаумен, қамалғандарға қатаң түрде, белгілі бір регламентпен, медицина қызметкерлерінің қатысуымен берілуі тиіс. Бірақ менің адвокатым Дамир видеодан ол дерінің ашық пакетте камераға берілгенін көрген, – дейді ол.
Зухра бұның барлығы әдейі, тапсырыспен жасалған болуы мүмкін деп топшылайды. Бірақ ешқандай дәлелім жоқ дейді.
– Мен сондықтан күресіп, сұрақтар қойып отырмын. Маған жауап берсе екен деймін. Видеоның бір үзігінде менің қызым төсектің екінші қабатында отырғаны бейнеленген. Бір мезетте ол таблеткаларды іше бастайды. Ол сол таблеткалар ма, жоқ басқа таблеткалар ма белгісіз. Менің қызым осы таблеткаларды ішкен соң қайтыс болды ма мен оған сенімді емеспін. Олар ол жерде бейнежазба жүріп жатқанын жақсы білген. Қызым бейнекамераға арқасымен қарап отырған, – дейді Зухра Сопыбекова.
Ол қызыма қысым жасап дәрі беруі мүмкін деп күмәнданады. Себебі дәріні ішкен уақытта камерада болған өзге үш адам Сәния Жұбанышеваға қарап отырған.
КОНТЕКСТ
15 мамырда Сәния Жұбанышеваның уақытша ұстау изоляторында көз жұмғаны туралы ақпарат шығып, ол қоғамдық резонанс тудырғаннан кейін Шымкент қаласының полиция департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме берген.
Департамент Сәния Жұбанышеваның «кәмелет жасына толмаған жасөспірімнің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша күдікке ілінгенін растаған.
– 2 мамырға қараған түні ол ойын-сауық орнынан шыққаннан кейін танысының үйіне барған. Үйде танысының кәмелетке толмаған інісі мен қарындасы, сондай-ақ олардың достары болған. Тергеу барысында жауап алынған куәгерлердің айтуынша, қыз бен кәмелетке толмаған жасөспірім арасында сөзге келіспеушілік туындап, содан кейін жасөспірім пышақ жарақатын алған. Зардап шеккен жасөспірім ауруханаға жеткізілді.Сол күні күдікті полицияға жеткізілді. Медициналық куәландыру оның алкогольдік масаң күйде болғанын растады. Денесінен ешқандай жарақат анықталған жоқ, – делінген полиция таратқан ақпаратта.
Бұдан өзге, полиция Сәния Жұбанышева арада он күн өткен соң, 12 мамырда өзіне қатысты жыныстық сипаттағы қысым жасалып, зорлауға оқталу туралы арыз жазғанын мәлідеді.
– Куәгерлер оның айтқан уәждерін растамады. Соған қарамастан, күдіктінің мәлімдемелері тексеріліп жатыр, – делінген полиция хабарламасында.
Ведомствоның мәліметінше, 15 мамырға қараған түні Сәния камералас әйелдерге өзін жайсыз сезінетінін айтқан. Ол жүрек ауруын емдеуге арналған дәрілік препараттарды өздігінен көп мөлшерде ішкен.
Қыз дереу ауруханаға жеткізілгенімен, бірнеше сағаттан кейін көз жұмған. Полиция департаменті суицид фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған. Болған жағдайға байланысты тексеріс бастаған.