«Түтінге тұншығып отырмыз»: Алматы облысының тұрғындары өртеніп жатқан қоқыс алаңына шағымданды

Ulysmedia
Видео кадры

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Ават ауылының тұрғындары ауаның ластануына шағымданды. Олардың айтуынша, ауылдың бір жағын маңайдағы карьерден көтерілген шаң басса, екінші жағынан қоқыс төгетін орындардан шыққан түтін мен жағымсыз иіс келеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Жазда жағдай тіпті қиындай түседі. Ауыл тұрғындарының айтуынша, қоқыс ара-тұра өртеніп, оның түтіні мен иісі үйлерге дейін жетеді. Сондықтан аптап ыстықта жұрт терезе ашуға да қорқады.

Тұрғындар карьерден көтерілетін шаңға да наразы. Ават ауылының батыс жағында «Ават» құм-қиыршықтас кен орны расында да орналасқан.

Қоқыс орындарына қатысты мәселе бұл ауылда бұрыннан бар. Жергілікті тұрғындар бірнеше жыл бұрын да елді мекен маңындағы полигондарды жабуды талап еткен.

Қазір ауыл тұрғындары ауаның сапасын, карьердің жұмысын және қоқыс орындарының жағдайын тексеруді сұрап отыр. Сондай-ақ, полигондарды кім қадағалайтынын және түтін мен жағымсыз иіс мәселесі неге жылдар бойы шешілмей келе жатқанын білгісі келеді.

Өртенген қоқыс үшін жауапты адам жазаланды

Тұрғындардың шағымы аясында Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті Талғар ауданы Ақтас ауылы маңындағы карьер аумағында өрт шыққанын хабарлады. Онда қоқыс жанған.

Өрт толық сөндірілген, зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнында ТЖД қызметкерлері, жергілікті билік өкілдері және аумақ иесінің өкілдері жұмыс істеген.

Ведомство анықталған заңбұзушылық үшін жауапты адам әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді.