Ресейде алғаш рет Ozon қоймасына дрондар шабуыл жасады

Ulysmedia
Видео кадры

Самара облысындағы Ozon қоймасына алғаш рет украиналық дрондар шабуыл жасады. 22 тамызға қараған түні соққыдан кейін логистикалық орталықта өрт шығып, нысанның жұмысы уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Ozon компаниясы қоймаға шабуыл жасалғанын растады. Соққыға бірнеше минут қалғанда ғимараттан 500-ден аса қызметкер эвакуацияланған. Бірнеше адам жарақат алды.

Astra дерегінше, шабуыл жасалған логистикалық орталық Чапаевск қаласында орналасқан. Бұған дейін Ozon қоймаларына осындай шабуыл жасалып, өрт шыққаны туралы хабар болмаған.

Самара облысының губернаторы Вячеслав Федорищев өңірдегі өнеркәсіп нысандарының бірі де зақымданғанын мәлімдеді.

Мұнай өңдеу зауытына да шабуыл жасалған

Astra мәліметінше, дрондар шабуылынан кейін Новокуйбышевск мұнай өңдеу зауытының аумағында да өрт шыққан.

Бұл зауыт бұған дейін де бірнеше рет шабуылға ұшырағаны хабарланды.

Бұған дейін Wildberries қоймалары нысанаға алынған

Шілденің ортасынан бері украиналық дрондар Wildberries логистикалық орталықтарына да шабуыл жасай бастаған.

Киев тарапы мұны маркетплейс арқылы Ресей армиясына қажет тауарлар сатылатынымен түсіндірген.

Ozon Ресейдегі көлемі жағынан екінші ірі маркетплейс саналады. Wildberries қоймаларына жасалған шабуылдардан кейін компания тамызда қымбат тауарлардың бір бөлігін қоймалардан алып, тапсырыс беру пункттеріне көшіре бастаған.

Бұған дейін Кривой Рогқа соққы жасалған

Самара облысындағы шабуыл 21 тамызда Ресей дрондарының Кривой Рогтағы сауда орталығына соққы жасауынан кейін болды.

Жергілікті биліктің мәліметінше, кемінде 16 адам қаза тауып, 130-дан астам адам жараланған. Зардап шеккендердің арасында балалар да бар.

Украина президенті Владимир Зеленский болған жағдайды «варварлық әрекет» деп атап, оған жауап болатынын мәлімдеді.