«Сіздер жақсы білетін адам болады»: Тоқаев болашақ вице-президент туралы айтты

Ulysmedia

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай депутаттарын сайлауда дауыс бергеннен кейін журналистердің сұрақтарына жауап берді. Мемлекет басшысы вице-президент қызметі, бұл лауазымға кім тағайындалатыны және қашан белгілі болатыны туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Сіздер жақсы білетін адам»

Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметінің енгізілуін маңызды өзгеріс деп атап, қазіргі жағдайда мұндай лауазымның елге қажет екенін айтты.

– Жұрттың бәрі вице-президент лауазымы туралы сұрап жатыр. Расында, бұл – айтулы өзгеріс. Біз Конституциямызға жаңа лауазымды әдейі енгіздік. Бұл лауазым аса қажет деп айтсақ, қателеспейміз. Себебі қазіргі бұлыңғыр заманда мұндай лауазым елімізге өте қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, вице-президенттің кім болатыны көп ұзамай белгілі болады.

– Келесі аптада немесе он күн ішінде вице-президент кім екені мәлім болады. Мен оны қазір анық айта алмаймын. Ол белгілі, сіздер жақсы білетін адам болады деп ойлаймын, – деді ол.

Тағы қандай өзгерістер болады?

Президент Қазақстан Халық Кеңесінің жұмысы басталатыны туралы да айтты. Оның сөзінше, жаңа органды Қазақстан халқы Ассамблеясының жай ғана орнына келген құрылым деп қабылдауға болмайды.

– Халық Кеңесі Ассамблеяның атқарған қызметін одан әрі күшейтеді деп ойлаймын. Бұл көпфункционалды, жаңа саяси тетік деп айтуға болады. Сондықтан Кеңестің жұмысы жемісті болатынына кәміл сенемін.

Тоқаев елдегі өзгерістер мұнымен аяқталмайтынын да атап өтті. Алдағы уақытта әлеуметтік нысандар салу, қалаларды абаттандыру және «Таза Қазақстан» акциясын жалғастыру көзделіп отыр.

Құрылтай сайлауы

23 тамызда Қазақстан жаңа бірпалаталы Парламенттің депутаттарын сайлап жатыр.

Дауыс берушілер тізіміне 12 605 788 адам енгізілген. Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.

Ulysmedia.kz сайлау барысын күні бойы бақылап отыр.