Тоқаев президент сайлауы туралы: «қайта сайлануға құқығым бар»

Ulysmedia

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келесі президент сайлауына түсуі мүмкін бе деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Журналистер жуырда Конституциялық сот берген түсіндірмені еске салды. Соған сәйкес, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент лауазымына қайтадан үміткер болуға құқығы бар.

БАҚ өкілдері Мемлекет басшысынан президент сайлауына қатысты сұрақ қойды. 

«Власть» басылымының тілшісі Тамара Вааль Мемлекет басшысынан Конституциялық соттың жуырдағы түсіндірмесіне байланысты сауал қойды. Журналистің айтуынша, бұл түсіндірмеге сәйкес, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент лауазымына қайта сайлануға заңды құқығы бар. Осыған байланысты тілші Мемлекет басшысынан 2029 жылғы сайлауға қатысу жоспары бар-жоғын, сондай-ақ президент сайлауы жоспарланған мерзімде өте ме, әлде кезектен тыс сайлау болуы мүмкін бе деп сұрады.

«Бұл туралы сөз қозғауға әлі ерте»

Тоқаев заң бойынша қайта сайлануға құқығы бар екенін растады. Алайда алдағы жоспарын әзірге нақтылаған жоқ.

«Конституциялық сот осындай шешім қабылдады. Әлбетте, заң жүзінде менің қайта сайлануға құқығым бар. Бірақ алдағы уақытта сайлау өткізуге және оған қатысатыным немесе қатыспайтыным туралы сөз қозғауға әлі ерте. Біз еліміздің алдында тұрған ауқымды міндеттерді еңсеруіміз керек. Тұтас Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдырып, ең алдымен, азаматтарға арналған әлеуметтік нысандар салуымыз қажет. Бұл мақсатқа Ұлттық қордың қаржысын пайдалануға дайынмын. Халықтың игілігіне жарата алмасақ, қаражатты шетелдерде құнды қағаз ретінде ұстап отырудың қажеті қанша? Қаржыны жай ғана ұстап отыруға қарсымын. Қаражат халқымыздың, азаматтарымыздың игілігіне қызмет етуі керек. Әрине, әлемдегі жағдайға баса назар аударуымыз, жан-жақты талдауымыз қажет. Өздеріңіз білесіздер, геосаяси ахуал күрделі. Бұралаң жолмен жүргенімізге қарамастан, ел ішінде бейбітшілікті сақтап, дамуға қарай бет алып келеміз. Экономикалық өсім анық байқалады. Мұны негізгі халықаралық қаржы институттарының бағасы да растады. Алдағы уақытта тағы жолығармыз. Бәлкім, келесі жылы... Сол кезде сізге нақты жауап беремін», - деді Тоқаев.