Үкімет отставкаға кетеді: Тоқаев алдағы өзгерістер туралы айтты

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Құрылтай жасақталғаннан кейін Үкімет өкілеттігін тоқтатады, ал жаңа Министрлер кабинеті құрамында кадрлық өзгерістер болады. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай депутаттарын сайлауда дауыс бергеннен кейін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Өзгерістер болады

Президент қазіргі Үкіметтің жұмысына оң баға берді. Оның айтуынша, Министрлер кабинеті жүктелген міндеттерді орындау үшін барынша белсенді жұмыс істеп жатыр.

Алайда сайлаудан кейін Үкіметтің өкілеттігін тоқтатуы заңда қарастырылған.

– Әлбетте, Үкімет отставкаға кетеді. Үкімет құрамында бірқатар өзгеріс болады. Ашығын айтқанда, дәл бүгін Үкімет жұмысына алаңдауға немесе оған сын айтуға қандай да бір негіз жоқ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент кадрлық ауыс-түйісті қалыпты үдеріс деп санайтынын айтты. Алайда тек қызметтен босату үшін адам ауыстыруды дұрыс көрмейтінін атап өтті.

– Бірақ кадрлық өзгерістер әрдайым болады. Өйткені бұл Үкіметтің жұмысына қан жүгіртеді. Мәселе біреуді орнынан босатуда емес. Мен жай сылтаумен жұмыстан шығаруға қашанда қарсымын. Әсіресе, қазіргі тілмен айтқанда, медиадағы контент немесе мазмұн үшін ауыс-түйіс жасаудың қажеті жоқ. Кадрлық шешім шын мәнінде жұмысқа тың серпін беруі керек. Бәріміз айтып жүрген жаңғыру үдерісі үздіксіз жүргізілуге тиіс. Өйткені бұл күрделі процесті алға жетелеп отыру қажет, – деді ол.

Тоқаев елдегі жаңғыру үдерісі үздіксіз жүруі керек екенін, ал Үкіметтің бұл үдерісте негізгі рөлдердің бірін атқаратынын айтты.

Құрылтай сайлауы

23 тамызда Қазақстан жаңа бірпалаталы Парламенттің депутаттарын сайлап жатыр.

Дауыс берушілер тізіміне 12 605 788 адам енгізілген. Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.

Ulysmedia.kz сайлау барысын күні бойы бақылап отыр.