«Сенімді ақтамағандар болды»: Тоқаев жас министрлер туралы сөз қозғады

Ulysmedia

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биліктегі жас кадрлардан не күтетінін айтты. Дауыс бергеннен кейінгі брифингте одан жаңа буын өкілдері Құрылтай жұмысына серпін бере ала ма деп сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сенім мен жауапкершілік

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жастарға жауапты қызметтерді сеніп тапсырып, мүмкіндік беру қажет. Дегенмен бұған дейінгі мұндай тағайындаулардың нәтижесі әркелкі болған.

– Біз жастарға сенім артамыз. Оларды кезінде түрлі лауазымдарға тағайындадық. Үкіметте жоғары қызмет атқарған жастардың бәрі өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындады деп айта алмаймын. Әрине, түрлі кедергі мен себеп кезігіп жатады, – деді Президент.

Соған қарамастан, Тоқаев жас кадрларға сенім білдіруді жалғастыру қажет деп санайды.

– Дегенмен жастарға сенім артып, жауапкершілік жүктеу керек. Онсыз болмайды. Қазақстан - демография тұрғысынан жас мемлекет. Сондықтан жастарға зор сенім артамыз. Олар да бұған дайын болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Сөз аяғында Президент кезінде үмітті ақтай алмаған жас министрлерді де еске алды.

– Әйтпесе, кезінде министр болып, Үкіметке келген соң жұмыстың берекесін кетіргендер де болды. Бұған жол бермеуіміз керек, – деді Тоқаев.

Контекст

Бұған дейін Тоқаев Құрылтай жасақталғаннан кейін Үкімет құрамында бірқатар өзгеріс болатынын айтқан. Сонымен қатар, ол «тек қызметтен босату үшін қызметтен босатуға» қарсы екенін атап өтті.

Ulysmedia.kz сайлау барысын күні бойы бақылап отыр.