Синоптиктер 24 тамызда Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райы күрт құбылатынын ескертті. Кей аймақтарда аптап ыстық +42 градусқа дейін жетсе, енді бір өңірлерде нөсер жаңбыр, найзағай, бұршақ және екпінді жел күтіледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Шығыс Қазақстан облысында күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Облыстың солтүстігі мен шығысында нөсер жаңбыр, бұршақ және дауылды жел күтіледі. Кей жерлерде жел екпіні секундына 23-28 метрге дейін жетеді. Өскеменде де қолайсыз ауа райы болжанып отыр.
Абай облысында да жаңбыр мен найзағай күтіледі, ал өңірдің орталығында нөсер жаңбыр жауады. Күндіз бұршақ жауып, дауыл тұруы мүмкін. Жел кей жерде секундына 23-28 метрге дейін күшейеді. Семейде жаңбыр, найзағай және бұршақ болжанған.
Павлодар облысында найзағайлы жаңбыр жауады. Күндіз облыстың солтүстігі, оңтүстігі мен шығысында нөсер жаңбыр, бұршақ және дауылды жел болуы мүмкін.
Ақмола облысында түнде жаңбыр мен найзағай күтіледі, кей жерлерде жауын қатты болады. Күндіз де өңірдің оңтүстігі мен шығысында ауа райы тұрақсыз болып, бұршақ пен дауыл болжанып отыр.
Ұлытау облысының солтүстігі мен шығысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз бұршақ түсуі мүмкін.
Астана мен Алматыда ауа райы қандай болады?
Астанада 24 тамызда ара-тұра жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз бұршақ пен дауылды жел күтіледі. Түнде және таңертең қалада тұман түсіп, жел екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді.
Алматы облысының кей жерлерінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Тау бөктері мен таулы аймақтарда кешке қарай нөсер жаңбыр жауып, бұршақ түсуі мүмкін. Жел екпіні секундына 18-23 метрге дейін күшейеді.
Алматының таулы аймақтарында күндіз жаңбыр мен найзағай, ал кешке қарай нөсер жаңбыр мен бұршақ күтіледі.
Батыста +42 градусқа дейін ыстық
Аптап Маңғыстау облысында болады. Күндіз ауа температурасы +38...+42 градусқа дейін көтеріледі.
Атырау облысында +35...+39 градус, ал Атырау қаласында +35...+37 градус күтіледі.
Батыс Қазақстан облысында күндіз ауа температурасы +35...+38 градусқа дейін жетеді. Сонымен қатар өңірдің батысында өткінші жаңбыр, найзағай және бұршақ болуы мүмкін.
Қатты жел мен шаңды дауыл
Жамбыл облысының кей жерлерінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Жел секундына 15-20 метрге дейін күшейіп, кей тұста екпіні 25 метрге жетуі мүмкін. Таразда да күндіз найзағай күтіледі.
Түркістан облысының таулы аймақтарында өткінші жаңбыр мен найзағай болжанған. Ал облыстың солтүстігінде шаңды дауыл тұруы мүмкін. Кей жерлерде жел екпіні секундына 23 метрге дейін жетеді.
Шымкентте жел секундына 15-20 метрге дейін күшейеді.
Қостанай облысында түнде кей жерлерде аздап жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Таңертең тұман түсуі мүмкін. Жел секундына 15-20 метрге дейін күшейеді.
Ақтөбе облысы мен Ақтөбе қаласында түнде және таңертең тұман күтіледі.
Өрт қаупі әлі де жоғары
Маңғыстау, Атырау, Қызылорда, Ақтөбе, Жамбыл және Түркістан облыстарында, сондай-ақ, бірқатар өзге өңірдің жекелеген аудандарында төтенше өрт қаупі сақталады.
Қызылорда облысында бұл ескерту кемінде 26 тамызға дейін күшінде болады.