Құрылтай сайлауы: шетелдегі барлық учаске жұмысын аяқтады

Ulysmedia
Сыртқы істер министрлігі

Қазақстаннан тыс жерлердегі барлық сайлау учаскесі Құрылтай депутаттарын сайлаудағы жұмысын аяқтады. Шетелдегі сайлаушылардың жалпы қатысу көрсеткіші 84,4% болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, шетелдегі барлық 79 сайлау учаскелік комиссиясы өз жұмысын аяқтады.

61 елде дауыс берген Қазақстан азаматтарының жалпы саны – 9 623 адам. Бұл – дауыс берушілердің 84,4%-ы.

Соңғы болып Сан-Францискодағы қазақстандықтар дауыс берді. Уақыт айырмашылығына байланысты ондағы сайлау учаскесі Астана уақытымен сағат 19:00-де, яғни Қазақстанда учаскелердің жабылуына бір сағат қалғанда ашылды.

Қазақстанда дауыс беру қалай өтті

Қазақстанның өзінде дауыс беру 23 тамызда сағат 20:00-де аяқталды. Орталық сайлау комиссиясының алдын ала мәліметінше, бюллетеньді 9 352 151 адам немесе сайлаушылардың 74,19 пайызы алды.

Экзитпол нәтижелеріне сәйкес, жеті партияның бесеуі 5 пайыздық межеден өтті. Үлкен басымдықпен «Әділет» партиясы көш бастап тұр. Әртүрлі зерттеулер оған 70,7%-дан 72,3%-ға дейін дауыс берілгенін көрсетеді.

«Ауыл» партиясы 6,2–6,4%, Respublica – 5,2–5,5%, «Ақ жол» – 5,1–5,4%, ЖСДП 5–5,2% дауыс жинаған.

Үш экзитполдың да нәтижесіне сәйкес, Қазақстанның Халық партиясы мен «Байтақ» партиясы Құрылтайға өтпейді.

Әзірше бұл сайлаудың ресми нәтижелері емес. Алдын ала қорытындыны Орталық сайлау комиссиясы жариялауға тиіс.