ҚР премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин үкімет отырысында 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен бюджет жобасын таныстырды. Ұсынылған көрсеткіштерге қарағанда, үкімет Қазақстанның мұнай мен металл экспортына тәуелді болмай-ақ экономикалық өсімге қол жеткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ұлттық қорсыз кіріс өседі
Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, Қазақстан бюджетінің кірістері жыл сайын артып, 2027 жылы 19,9 трлн теңге, 2028 жылы 21,7 трлн теңге, ал 2029 жылы 23,4 трлн теңге болады деп болжанып отыр.
Бұл ретте Ұлттық қордан алынатын трансферттер көлемі азаяды. Үкімет кепілдендірілген трансферт ретінде 2027 және 2028 жылдары Ұлттық қордан 2,4 трлн теңгеден, ал 2029 жылы 2 трлн теңге алуды жоспарлап отыр.
Ал нысаналы трансферт көлемі 2027 жылы 2 трлн теңге, 2028 және 2029 жылдары 1,5 трлн теңгеден болады.
Өсім не есебінен қамтамасыз етіледі?
Ұсынылған көрсеткіштерге сүйенсек, Қазақстан 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарындағы негізгі мақсатты көрсеткіштен асып түсуді жоспарлап отыр.
– Базалық сценарийге сәйкес, 2027-2029 жылдары жалпы ішкі өнімнің нақты орташа жылдық өсімі 5%-дан жоғары деңгейде болжанып отыр. Номиналды ЖІӨ 2027 жылғы 199,3 трлн теңгеден 2029 жылы 245 трлн теңгеге дейін өседі, – деді Жұманғарин.
Ол болжам әлемдік экономиканың даму перспективалары мен сыртқы нарықтардағы ахуалды ескере отырып жасалғанын атап өтті. Сондай-ақ сыртқы сын-қатерлердің сақталуына қарамастан, Қазақстан экономикасы өсе беретінін айтты.
– Экономиканың өсімі мұнайға жатпайтын секторлардағы өндіріс көлемінің артуы есебінен қамтамасыз етіледі. Өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны тау-кен өнеркәсібінің өсімінен жоғары болады. Өңдеу саласының дамуына негізгі үлесті металлургия, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, химия өнеркәсібі және тамақ өндірісі қосады, – деді Жұманғарин.
Сонымен қатар оның айтуынша, үкімет ауыл шаруашылығы мен құрылыс салаларына да басымдық беріп отыр.
Контекст
Еске салайық, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауында дауыс бергеннен кейін сөйлеген сөзінде Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдыруды ұсынған еді. Бұл үшін Ұлттық қор қаражатын пайдалану мәселесі де қарастырылған.