Тоқаев қазан айында ел халқына жолдау жасайды

Сырым Қаржас
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазан айында Қазақстан халқына жолдау жасайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Толығырақ

Мемлекет басшысы елімізде саяси жаңғырудың маңызды кезеңі басталғанын атап өтті. Оның айтуынша, Құрылтай сайлауы өтіп, оның құрамына кәсіби, іскер және жаңашыл азаматтар, соның ішінде жастар кірді. Сондай-ақ Вице-Президент тағайындалып, жаңартылған Үкімет жұмысын бастады.

Қауіпсіздік Кеңесінің аппараты жасақталды. Алдағы уақытта Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы бекітіледі. Сонымен қатар Құрылтайдың келісімімен Конституциялық сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері тағайындалады.

Дәйексөз

– Осылайша, еліміздің негізгі мемлекеттік институттары толық жаңғыртылады. Бұл да – ауқымды реформаларымыздың өте маңызды бөлігі. Ал қазан айында мен Конституцияның 46-бабына сәйкес Қазақстан халқына Жолдауымды жасап, алдағы жоспарымызды айқындаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бұған қоса елдегі спорт саласының дамуына тоқталып, соңғы жеті жылда Қазақстанда 500-ден астам спорт нысаны салынғанын айтты.