Петропавл маңында көпір салып жатқан жұмысшылар екі адамның және ежелгі жануарға тиесілі сүйек тапты. Алдын ала болжам бойынша, ол мұз дәуірінде осы өңірді мекендеген жүнді мүйізтұмсыққа тиесілі болуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысындағы Прибрежное ауылы маңынан тосын олжа табылғанын «7 арна» хабарлады.
Жұмысшылар экскаватормен карьер қазып жатқан кезде топырақ арасынан сүйектерді байқап қалған. Олар сүйектерді жер бетіне шығарып, полиция шақырған.
Құқық қорғау органдары тексеру бастады. Алдын ала мәлімет бойынша, қылмыстық сипаттағы белгілер анықталмаған. Ал адам сүйектерінің нақты қай кезеңге жататыны әзірге белгісіз.
Табылған сүйектердің бірін археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Анатолий Плешаков зерттеген.
Оның алдын ала бағалауынша, сүйек мамонт фаунасына жататын жүнді мүйізтұмсыққа тиесілі болуы ықтимал. Мұндай жануарлар палеолит дәуірінде өмір сүріп, шамамен біздің дәуірімізге дейінгі XII мыңжылдыққа қарай жойылып кеткен.
Енді мамандарды адам сүйектері де сол кезеңге жата ма деген сауал қызықтырып отыр.
Плешаковтың айтуынша, табылған бас сүйектердің кем дегенде бірі сол дәуірге жататыны анықталса, бұл археология үшін аса маңызды жаңалық болуы мүмкін.
«Егер осы бас сүйектердің ең болмаса бірі сол кезеңге тиесілі болып шықса, бұл нағыз сенсация болар еді», — деді ол.
Археологтың айтуынша, бас сүйектердің бірінде мамандардың ерекше назарын аударған белгілер бар. Сондықтан ол алдағы уақытта жан-жақты зерттелмек.
Енді мамандар адам сүйектерінің жасын анықтап, табылған қалдықтарды егжей-тегжейлі зерттеуге тиіс. Сондай-ақ, сүйектер шыққан құм карьерін де жеке тексеру жоспарланып отыр.