Трамп соғыс пен жанармай қымбаттаған тұста АҚШ-та мұнай өңдеуді арттырмақ

Ulysmedia

АҚШ Иранмен арадағы шиеленіс пен жанармай бағасының қымбаттауына байланысты ел ішіндегі мұнай өңдеу көлемін арттырғысы келеді. Ақ үй бұл үшін Қорғаныс өндірісі туралы заңды қолдану мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Reuters мәліметінше, бұл заң президентке ұлттық қауіпсіздік үшін маңызды салаларды қолдауға кең өкілеттік береді. Қазір Дональд Трамп әкімшілігі осы тетіктің көмегімен АҚШ-тағы мұнай өңдеу зауыттарының қуатын жылдамырақ арттыруға бола ма деген мәселені қарастырып жатыр.

Жуырда Трамп бұл тақырыпты мұнай өңдеу саласының он шақты өкілімен талқылаған. Ақ үй федералдық қолдау өндіріс қуатын арттыруға қалай көмектесе алатынын анықтағысы келеді.

Әзірге түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Дегенмен келіссөздер жалғасады деп күтіліп отыр.

Ал мұнай өңдеуші компаниялар қаржыны жаңа зауыттар салуға емес, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейтіп, жаңғыртуға жұмсаған тиімді деп санайды. Өйткені жаңа зауыт салу әлдеқайда көп қаржы мен бірнеше жыл уақытты қажет етеді.

Бұл қандай заң?

Қорғаныс өндірісі туралы заң президентке өнеркәсіптік ресурстарды қайта бөлуге және ұлттық қауіпсіздік үшін маңызды саналатын өнім өндірісін арттыруға компанияларды ынталандыруға кең мүмкіндік береді.

Бұған дейін бұл тетік мұнай өңдеу қуатын кеңейту үшін қолданылмаған.

Алайда сәуірде Трамп осы заңды мұнай өндіруді, өңдеуді және мұнай логистикасын қолдау үшін пайдалануға рұқсат берген.

Мұнай өңдеу зауыттары шегіне жақын жұмыс істеп тұр

АҚШ-тағы мұнай өңдеу зауыттары онсыз да бар қуатына жуық деңгейде жұмыс істеп жатыр. Кейінгі мәлімет бойынша, олардың жүктемесі 98 пайызға жеткен.

Соған қарамастан, жанармай бағасы әлі де жоғары. Дизельдің орташа бағасы алғаш рет бір галлон үшін 6 доллардан асты. Бензин де қымбат күйінде қалып отыр.

Бұған қоса, кейінгі он жылда табысы төмен бірқатар мұнай өңдеу зауыты жабылды. Ал өңдеу өндірісінің едәуір бөлігі Мексика шығанағы жағалауында шоғырланған.

Ақ үй сыртқы нарыққа тәуелділікті азайтудың жолын іздеп жатыр

Трамп әкімшілігінде АҚШ-тың әлемдік нарықтағы дағдарыстарға тәуелділігін азайту үшін өз мұнай өңдеу қуатын арттыру қажет деген пікір жиі айтыла бастады.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Тейлор Роджерс билік бірнеше жолды қатар қарастырып отырғанын айтты. Олардың қатарында реттеу талаптарын өзгерту, рұқсат беру рәсімдерін жеделдету және жаңа инвестиция тарту бар.

Вашингтон шетелдік мұнайға қолжетімділікті де арттыруға тырысып жатыр.

Жуырда АҚШ үкіметі Венесуэладағы жекеменшік North American Blue Energy Partners мұнай компаниясының 35 пайыз үлесін иеленді.

Компания мұнай қоры шамамен 65 миллиард баррельге бағаланатын 17 кен орнын игеру құқығына ие болды.

Келісім АҚШ-қа болашақта өндірілетін мұнайдың бір бөлігін сатып алуға мүмкіндік береді. Оның ішінде өндірілген көлемнің 20 пайызына дейінгі бөлігін өзіндік құнымен алу құқығы қарастырылған.

Ақ үй бұл мұнай кейін АҚШ-тағы мұнай өңдеу зауыттарына жеткізіледі деп үміттеніп отыр.

Сонымен қатар, Техас штатындағы Браунсвилл қаласында жаңа мұнай өңдеу зауытын салу жобасы талқыланып жатыр. America First Refining компаниясы тәулігіне 168 мың баррель мұнай өңдей алатын кәсіпорын салуды жоспарлаған.

Трамп наурызда бұл жобаны АҚШ-та кейінгі 50 жылға жуық уақыт ішінде салынғалы отырған алғашқы жаңа мұнай өңдеу зауыты ретінде таныстырған.

Алайда жоба Қорғаныс өндірісі туралы заң аясында қаржыландырыла ма, жоқ па - әзірге белгісіз.