Қазақстандықтар Түркістан әуежайындағы оқиғадан кейін рейстердің қайта-қайта ауыстырылғанына шағымданды. Жолаушылардың айтуынша, кейбір рейстердің уақыты бірнеше рет өзгерген, ал кейбіріне қонақүйден орын берілмеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мәселе 11 қыркүйекте Түркістан әуежайында бір ұшақтың ұшу-қону жолағында техникалық ақауға ұшырауынан басталған. Соның салдарынан әуежай жұмысына уақытша шектеу қойылып, бұл өзге рейстерге де әсер еткен.
Астана - Түркістан бағытымен ұшуға тиіс жолаушылардың бірі FS7361 рейсінің Түркістан әуежайына байланысты себептермен кешіккеніне шағымданды.
«Жолаушылардың арасында кішкентай балалар бар. Соған қарамастан, «сіздер қонақүй беруге міндетті емеспіз» деп отырсыздар», — деп жазды ол Threads желісінде Air Astana мен FlyArystan компанияларына қарата.
Тағы бір жолаушы Түркістан - Астана рейсінің ұзақ уақыт кешіккенін айтты. Оның айтуынша, мұның кесірінен адамдар маңызды кездесулерге кешігіп, басқа рейстерге үлгермей қалған. Ал ұшақтың нақты қашан ұшатыны туралы түсінікті ақпарат берілмеген.
Ulysmedia редакциясына хабарласқан жолаушылардың кейбірі Астанадан Түркістанға ұшатын рейстің уақыты бес рет өзгергенін айтты.
Әуе компаниясы рейстердің кешігуін Түркістан әуежайында басқа тасымалдаушының ұшағына қатысты штаттан тыс жағдай туындап, әуежай жұмысының шектелу мерзімі ұзартылуымен түсіндірді.
«Түркістан әуежайында басқа әуе компаниясының ұшағына қатысты штаттан тыс жағдай туындауына және әуежай жұмысының шектелу мерзімі ұзартылуына байланысты FlyArystan-ның Түркістанға және Түркістаннан орындалатын рейстері кешігіп ұшты», — деп хабарлады компания.
Компания бұл жағдай өздеріне байланысты болмағанын да мәлімдеді. Сондықтан қолданыстағы ережелерге сәйкес, мұндай кешігулер кезінде жолаушыларды қонақүйге орналастыру қарастырылмайды.
11 қыркүйек кешке Түркістан әуежайында ұшақтардың бірінен ұшу-қону жолағында техникалық ақау шыққаны белгілі болды.
Бұл ақпаратты Көліктегі полиция департаменті растады. Ведомство мәліметінше, мамандар ақауды жою үшін қажет жұмыстарды жүргізіп жатыр.
Зардап шеккендер жоқ. Алайда оқиғаның нақты мән-жайы әзірге жарияланған жоқ.