«Соғысты тоқтататын кез келді»: Моди БРИКС саммиті алдында Путинге үн қатты

Ulysmedia
Кремль

Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди Владимир Путинді Украина мәселесі бойынша келіссөзге көшуге тағы да шақырды. Бұл туралы ол 11 қыркүйекте Нью-Делиде Ресей президентімен кездесуі кезінде айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Моди мен Путин Үндістан астанасында 12-13 қыркүйекте өтетін БРИКС саммиті қарсаңында кездесті.

Тараптар екіжақты қарым-қатынастарды, сондай-ақ, Қара теңіз өңіріндегі ахуалды талқылады. Кездесуде Украинадағы соғыс та сөз болды.

Моди даулы мәселелерді диалог пен дипломатия арқылы шешу қажет екенін айтып, бейбітшілікке бағытталған бастамаларды қолдауға дайын екенін мәлімдеді.

Бұл мәселенің Үндістан үшін экономикалық маңызы да бар. Ел Ресей мұнайы мен астығын ірі көлемде сатып алуды жалғастырып отыр, ал Қара теңіздегі кеме қатынасына байланысты қиындықтар жеткізілімге тікелей әсер етеді.

Шілдеде Одесса маңында Ресейдің зымыран соққысынан кейін жүк кемесінде төрт үндістандық теңізші қаза тапты. Осы оқиғадан соң Үндістан Сыртқы істер министрлігі Ресейдің уақытша сенімді өкілін шақырған.

Моди бұған дейін де соғысты тоқтатуға шақырған

Бұдан екі аптаға жетпей, 31 тамызда Моди Бішкекте ШЫҰ саммиті қарсаңында Путинмен кездесіп, осы мәселені тағы көтерген еді.

Сол кезде ол «соғыстан» бас тартып, қақтығысты тоқтатуға көшу қажет екенін айтты.

Путин бұған жауап ретінде Ресей бұл бағытта қадам жасап жатыр деп мәлімдеді.

Еске салайық, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Үндістанда өтетін БРИКС саммитіне қатысып, жиында сөз сөйлейді.