ҚазҰУ-да Студенттер сарайының шатыры опырылды

Сырым Қаржас
threads / ___aleks_k___

Алматыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аумағындағы Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының бір бөлігі опырылып түсті. Әлеуметтік желіде университет аумағындағы қираған шатыр мен көтерілген шаңның суреттері тарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

— ҚазҰУ-да не болып жатыр? Студенттер сарайы неге екені белгісіз қирап қалды. Айнала шаң-тозаң, — деп жазған оқиға куәгерлерінің бірі.

Басқа қолданушылар Алматы әкімдігінен түсініктеме талап етті.

— ҚазҰУ-дың Студенттер сарайы шатырының қирауы оның қайта жаңғыртылуымен қалай байланысты және бұған кім жауап береді? Әлде әу бастан осылай жоспарланған ба? — деп сұрады желі қолданушыларының бірі.

Алматылықтар жағдайға күмәнмен қарады. Пікір білдірушілердің көбі бұл жерде тұрғын үй кешені немесе сауда орталығы салынады деп болжам жасады.

— Орны керемет, жері қымбат. Студенттерге мұндай ғимарат не үшін керек? Оның орнына тамаша ойын-сауық орталығын немесе мейрамхана салуға болады, — деп мысқылдады желі қолданушылары.

Университет не деді?

ҚазҰУ ресми мәлімдеме жасады. Университеттің баспасөз қызметінің мәліметінше, ғимараттың құрылысы 1985 жылы басталып, тек 1998 жылы аяқталған. Құрылыстың соңғы кезеңі шаруашылық тәсілмен жүргізілген.

30 жыл ішінде Студенттер сарайына бірде-бір рет күрделі жөндеу жүргізілмеген.

2023 жылы мамандар ғимаратқа зерттеу жүргізген. Университет өкілдерінің айтуынша, оның нәтижелері алаңдатарлық болған. Ғимарат конструкцияларында темірбетон бағандар мен қабырғалар жеткіліксіз болған, ригельдер майысқан, ал шатырдың металл элементтері тот басып, деформацияланған.

— Студенттер сарайы бастапқыда құрылыс нормаларын өрескел бұза отырып пайдалануға берілген. Көптеген ақауды әрлеуді бөлшектемей, көзбен анықтау мүмкін емес, — деп мәлімдеді ҚазҰУ.

Қолданыстағы нормаларға сәйкес, ғимараттарға күрделі жөндеу кемінде 20-25 жылда бір рет жүргізілуі керек. Ал Студенттер сарайы 30 жыл бойы жөнделмеген.

Ғимарат конструкцияларына 2024 жылғы қаңтарда болған жер сілкіністері де қосымша әсер етуі мүмкін.

Университет ғимараттың тарихи-мәдени құндылығын атап өтіп, Студенттер сарайын сақтап, қайта қалпына келтіруге уәде берді.

 

Контекст

Бұған дейін ҚазҰУ-да тағы бір даулы жағдай болған еді. Журналистика факультетінен тәжірибелі төрт оқытушы кеткен. Олардың бірі Темірғали Көпбай басшылықты ашық сынаған педагогтерге қысым көрсетіліп, «қара тізім» жасалғанын мәлімдеген.

Университет мұны растаған жоқ. Оқытушылардың кетуін еңбек келісімшарттарының мерзімі аяқталуымен және конкурс нәтижелерімен түсіндірді.