Марокко королі Мұхаммед VI жуырда 50 жастағы Фатима Захра Эль-Мансуриді премьер-министр етіп тағайындады. Заңгер, бұрынғы министр әрі Марракеш қаласының мэрі болған ол бұған дейін де бірнеше жоғары мемлекеттік қызметке келген алғашқы әйел атанған. Ulysmedia.kz оның өмір жолы мен саяси қызметі туралы баяндайды. Эль-Мансуридің премьер-министр болып тағайындалғанын Марокконың ресми үкімет порталы да растады.
Эль-Мансури 1976 жылғы 3 қаңтарда Марракеште дүниеге келген. Рабатта заңгерлік білім алып, кейін Франция мен АҚШ-та оқуын жалғастырған. Одан соң жер құқығы мен жылжымайтын мүлік саласына маманданған адвокат болып жұмыс істеді.
Саясатқа 2007 жылы келді. Бір жылдан кейін Аутенттілік және заманауилық партиясын (PAM) құрушылардың бірі болды. Ал 2009 жылы Марракеш қаласының мэрі болып сайланып, Мароккодағы ірі қалалардың бірін басқарған алғашқы әйел атанды.
Эль-Мансури бұл қызметте 2015 жылға дейін еңбек етті. Ал алты жылдан кейін қайтадан Марракеш мэрі болып сайланды.
Сонымен қатар, ол ұлттық деңгейдегі саяси мансабын да қатар жалғастырды: парламент депутаты болды, PAM партиясында басшылық қызметтер атқарды. Кейінгі бес жылда үкіметте аумақтық жоспарлау, қала құрылысы және тұрғын үй саясатына жауап берді. 2024 жылдан бері партияның алқалы басшылығын үйлестіріп келеді.
Эль-Мансуридің тағайындалуы 23 қыркүйекте өткен парламент сайлауынан кейін болды. PAM Өкілдер палатасындағы 395 орынның 97-сін иеленіп, ең көп мандат алған партия атанды.
Марокко Конституциясына сәйкес, король парламент сайлауында бірінші орын алған партияның өкілін үкімет басшысы етіп тағайындайды.
29 қыркүйекте Мұхаммед VI Эль-Мансуриді Рабаттағы король сарайында қабылдап, үкімет басшысы етіп тағайындады және оған жаңа министрлер кабинетін жасақтауды тапсырды.
Алайда оның партиясы елді жалғыз өзі басқара алмайды. Өйткені 97 мандат парламенттегі көпшілікке жетпейді. Сондықтан жаңа премьер-министрдің алғашқы міндеттерінің бірі – билеуші коалиция құру.
Жаңа үкіметке күнкөріс құнының өсуі, жұмыспен қамту мен жалақы мәселелерін шешу, сондай-ақ, 2030 жылғы футболдан әлем чемпионатына дайындық аясындағы ірі жобаларды жүзеге асыру міндеті тұр. Марокко бұл турнирді Испания және Португалиямен бірге өткізеді.
Эль-Мансури үшін бұл тағайындау тағы бір тарихи белес болды. Бұған дейін Марракешті басқарған алғашқы әйел атанса, енді Марокко тарихындағы тұңғыш әйел үкімет басшысы болды.