Психотерапевт Анатолий Кашпировский 3 қазанда таңертең Мәскеуде қайтыс болды. Ол 87 жаста еді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жайы
Қайғылы хабарды тележүргізуші Андрей Малахов жеткізді.
– Анатолий Михайлович Кашпировский өмірден өтті. Жатқан жері жайлы болсын! – деп жазды ол.
Кейін Кашпировскийдің директоры Сергей Рудых ТАСС агенттігіне оның жүрегі тоқтап қалғанын мәлімдеді.
Кейінгі жылдары бұқаралық ақпарат құралдарында психотерапевтің денсаулығына қатысты мәселелер бары бірнеше рет жазылған.
Кашпировский 1939 жылғы 11 тамызда дүниеге келген. 1962 жылы Винница медициналық институтын тәмамдап, одан кейін ұзақ жылдар бойы Винницадағы психиатриялық ауруханада жұмыс істеді.
Ол 1980-жылдардың аяғында кеңінен танылды. 1989 жылы КСРО Орталық теледидары Кашпировскийдің «денсаулық сеанстары» деп аталған хабарлар топтамасын көрсетті. Бұл бағдарламаларды миллиондаған адам тамашалады.
Эфир кезінде Кашпировский иландыру және топтық психотерапия тәсілдерін қолданды. Көрерменнің кейбірі сеанстардан кейін денсаулығы жақсарғанын, түрлі белгілердің басылғанын айтқан.
Алайда оның әдістерін дәрігерлер мен мамандар бірнеше рет сынға алып, ғылыми негізі жоқ деп бағалаған. Кашпировский экстрасенс екенін жоққа шығарып, үнемі психотерапевт екенін айтып жүрді.
1993 жылы Кашпировский ЛДПР атынан Ресей Мемлекеттік думасының алғашқы шақырылымына депутат болып сайланды.
Екі жылдан кейін АҚШ-қа көшіп, сонда бұрынғы КСРО елдерінен барған азаматтармен де жұмыс істеді.
Кейін Ресейге оралып, көпшілік алдында кездесулер мен түрлі шаралар өткізуді жалғастырды. Ал 2020 жылдан бастап YouTube арнасында онлайн сеанстар жүргізді.