Жапония Ресейдің мүйізі қарағайдай шенеуніктерінің активтерін бұғаттап тастады

Ulysmedia

Жапон билігі Ресейдің 48 азаматы мен 74 ұйымының активтерін бұғаттады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Орталық Азияның жаңалықтар қызметінің мәліметінше, мұндай шешім Ресейдің Украина аумағына басып кіргеніне бір жыл толуына орай қабылданған.

Жапонияның жаңа санкция тізіміне Ресей қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Виктор Горемыкин мен "Калашников" концернінің президенті Алан Лушников кірген. Президенттің Мемлекеттік кеңес қызметін қамтамасыз ету жөніндегі басқармасының басшысы Александр Харичев, оның орынбасары Борис Рапопорт, сонымен бірге Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың туысы Турпал-Әли Ибрагимов те шектеуге тап болған. Бұған қоса Жапония санкциясына Ресей Қарулы күштері Бас штабының және Бас штабқа қарасты есептеу орталығының қызметкерлері де ілінді.

Жапония үкіметі "Ақ Барс" холдингіне, "Союз" федералдық қос технологиялар орталығына, "Росэлектроника" холдингіне, әскери өнеркісіпке қатысы бар бірқатар институттар мен зерттеу орталықтарына, соның ішінде П.Н. Лебедев атындағы дене шынықтыру институтына шектеу қойды.

Санкция тізімінде "Квант" үкіметтік емес ұйымы, "Вымпел" кеме құрылысы зауыты, "Факел" конструктор бюросы және "Радиоавионика" компаниясы бар. Бұған қоса Жапония үкіметі "Росбанк" пен "ЧВК Вагнерге" санкция салды.

Жапония Ресей аннексиялаған Қырымның, "ДХР" және "ЛХР" деп аталатын субъектілер өкілдерін, сонымен бірге Украинаның Запорожье және Херсон облыстарын аннексиялауға қатысы бар азаматтарды бөлек сакнция тізіміне қосты.

Айта кетейік, салынған санкциялар саны жөнінен әлем елдері арасында Ресей көш бастап тұр. Саясаттанушы Риззат Елубаевтың мәліметінше, бүгінде ресейлік жеке және заңды тұлғаларға қатысты 14 081 санкция қолданылады, бұл Луганск және Донецк облыстарын тәуелсіз мемлекеттер деп мойындағанға дейінгі шектеулерден 5 есе көп.