Сотта соңғы сөзін айтуы тиіс болған: Алматы облысының бұрынғы бас полицейі ауруханаға түсті

Ғалиасқар Думан

Алматы облыстық Полиция департаментінің экс-басшысы Серік Күдебаевқа қатысты сот отырысы кейінге шегерілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Жетісу облыстық сотының ресми өкілі Нұрсұлтан Орынбасаровтың сөзінше, айыпталушы ауруханаға түсіп қалған. Сондықтан сот отырысын кейінге шегеруге тура келген.

Бүгін сағат 10.00-ге жоспарланған сот отырысында Күдебаев соңғы сөзін айтуы керек болған.

Еске салсақ, Серік Күдебаев 2020 жылдан 2022 жылдың қаңтарына дейін Алматы облысы полиция департаментінің бастығы қызметін атқарды. 58 жастағы полиция генарал-майоры қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікке ілінді. Тергеу мәліметінше, ол қаңтар оқиғасы кезінде жұмыс орнын тастап, кетіп қалған. Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде полиция департаментінен қару-жарақтар ұрланған.

Күдебаевтың соты биылғы жылдың қаңтарында басталды.

28 ақпандағы сот отырысында мемлекеттік айыптаушы судьядан күдікті Серік Күдебаевты тоғыз жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.