МАЭК пен Атырау зауытындағы апаттар: тексерудің алдын ала қорытындысы жарияланды

Ғалиасқар Думан

Үкіметте Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында (МАЭК) және Атырау мұнай өңдеу зауытында (АМӨЗ) орын алған апаттардың себептерін тексеру жұмыстарының барысы қаралды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

gov.kz

Мемлекеттік комиссияның жұмыс тобы 6-9 шілде аралығында Маңғыстау және Атырау облыстарына барып, нәтижесінде 3 шілдеде болған оқиғалар тізбегі толығымен қалпына келтірілген.

“Сонымен қатар Батыс өңірдің энергожүйесінің жай-күйіне жан-жақты талдау жасалып, АМӨЗ-ді электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету мәселесі бөлек қаралды. Болған жағдай Батыс өңірінің энергожүйесіндегі теңгерімді болжау және жөндеу схемаларын жоспарлаудағы кемшіліктердің барын айғақтайды. ҚР Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің Батыс аймағының электр желісін күшейту жобасын іске асыру созылып кеткен”, – делінген хабарламада.

Атырау және Маңғыстау облыстарындағы өңірлік стансаларда, бірінші кезекте МАЭК-те апат қаупі жоғары екендігі анықталып отыр. Станса жабдықтарының әбден тозығы жеткен.

“Сонымен қатар «Karabatan Utility Solutions» ЖШС-нің жаңа бу-газ жылу стансасының жұмысына қатысты сұрақтар туындауда. Атырау мұнай өңдеу зауытының сыртқы электрмен жабдықтау схемасында айтарлықтай ақаулар бар. Орын алған апаттар шеңберінде лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін анықтау жұмыстары жалғасуда”, – дейді үкіметтегілер.

Бұл ретте алдағы уақытта осындай жағдайларды болдырмау үшін бірқатар жүйелі проблемаларды шешу жоспары әзірленді. Олар:

МАЭК-ті жаңғырту мен күрделі жөндеуді,

БЭЖ-дің Батыс аймағының электр желісін күшейтуді,

АМӨЗ-де қуаттылығы жоғары жеке энергия көзін салуды,

Батыс аймақты ҚР БЭЖ-бен байланыстыруды көздейді.

Үкімет басшысы орын алған апаттардың мән-жайын толық анықтау бойынша белсенді жұмысты жалғастыруды және келешекте олардың алдын алу шараларын іске асыруды егжей-тегжейлі пысықтауды тапсырды.

Еске салайық, 3 шілде күні №1 энергетикалық блоктың жұмысы апатты жағдайда тоқтап қалған болатын. Апат салдарынан "Атырау мұнай өңдеу зауытының" жұмысы тоқтады. Қаланың біраз бөлігі жарықсыз қалды.

МАЭК қызметкерлері сәуір айында кәсіпорында жабдықтардың тозғанын, сондай-ақ жалақының төмендігіне байланысты кадрлар жетіспейтінін айтқан. Ulysmedia тілшісі энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтен неге бұл ескертуді ешкім елемегенін сұрады.

Министр МАЭК-тегі жағдайдың күрделі екенін растады. Онда толық көлемде күрделі жөндеу жүргізілмеген, қаржыландыру жеткіліксіз болған.

Ал үкімет басшысы Әлихан Смайылов Атырау зауытындағы апат салдарынан елде жанармай тапшылығы туындамайтынына сендірді.

Сондай-ақ, бұдан бұрын электр желілеріндегі іркілістер елдегі мұнай кәсіпорындарына қанша шығын келтіргенін жазғанбыз.