Шымкенттегі лагерлердің бірі рұқсат құжатсыз 500-ге жуық бала қабылдаған

Ғалиасқар Думан

Шымкентте балалардың сауықтыру лагерлерінің қызметінде балалардың өмірі мен денсаулығына әсер ететін бұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Атап айтқанда, "Hawaii" лагері өртке қарсы дабыл жүйесімен жабдықталмаған және міндеттелген санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысыз жүзеге асырған, ал 2023 жылы бұл лагерьге 478 баланы орналастырған.

Ең көбі 220 баладан аспайтын "Үш бұлақ" лагерінде 310 оқушы орналастырылған, тиісінше бір баланың ұйықтайтын орны 4 шаршы метрдің орнына 2,8 шаршы метрге дейін қысқарған.

“Сонымен қатар, лагерьлердің көптеген қызметкерлері еңбек шартынсыз жұмыс істеген, медициналық қызметтерді біліктілігі жоқ және медбике маманының сертификатынсыз қызмет көрсетуде. Медициналық кабинеттердің өзі белгіленген талаптарға сәйкес келмейді, міндетті медициналық препараттар мен жабдықтар жоқ. Тексеру іс-шаралары жалғасуда, нәтижелері бойынша шаралар қабылданатын болады”, – делінген Шымкент қаласы прокуратурасының хабарламасында.

Еске салайық, бұдан бұрын Алматы маңындағы лагерге жіберілген оқушылардың сауна аумағына орналастырылғаны анықталған еді.

Қала әкімдігі қызмет көрсетуші компанияны сотқа беретінін мәлім етті.

Сондай-ақ, бұған дейін Ақмолада лагерлер аумағынан ішімдік бөтелкелері, темекі бумалары және қару табылғаны хабарланған.

Ал Алматы облысында 22 балалар лагерінің 8-і өз қызметін уәкілетті органдардың рұқсатынсыз, санитарлық-эпидемиологиялық және өртке қарсы ережелерді бұзу арқылы жүзеге асырғаны белгілі болды.

Денсаулық сақтау вице-министрі - бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова балалар лагерлерінде санитарлық бұзушылықтар неге жиі анықталатынын және бейінді министрлік неге оны қадағаламайтынын түсіндірген.