Қамауда отырған журналист Думан Мұхаметкәрім төртінші мәрте аштық жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл ақпаратты журналистің адвокаты Ғалым Нұрпейісов растады.
"Иә, солай. Думанның денсаулығы нашарлады. Біз шағым жаздық, тексеруді талап еттік. Оған дәрігерлер келіп, оны ауруханаға жатқызып, тиісті ем тағайындау керек деген қорытынды берді. Ресми қорытындыға қарамастан, ешқандай мамандар жіберілмеді. Талдықорғаннан Алматыға ауыстыру туралы мәселені шешпек болған кезде прокурордың орынбасары келіп, бұл мәселені шешетінін айтты. Бірақ ештеңе шешілген жоқ, бәріміз алдандық. Тергеу изоляторындағылар Думан бұйрық келгенде ғана ауруханаға жіберілетінін айтты. Бұйрық әлі жоқ. Сондықтан Думан 1 қыркүйектен бастап аштық жариялады", - деді адвокат.
Бұдан бұрын Думан Мұхаметкәрім Алматыдағы абақтыға ауыстыру туралы талабы орындалмаса саусағын шауып, аштық жариялайтынын мәлімдеген.
Еске салайық, Думан Мұхаметкәрім 20 наурызда Facebook желісінде жазба жариялап, 21 наурыз күні түстен кейін алаңға шығатынын мәлімдеп, өзгелерді де оған қосылуға шақырғаны үшін қамауға алынды. Қамауда отырғанда журналист аштық жариялады.
15 сәуірде ол қамаудан босатылып, халықты тағы да митингке шақыратынын мәлімдеді.
2 мамырда тағы 25 тәулікке қамауға алынды.
Бұдан бұрын адвокат Ғалым Нұрпейісов Әблязовпен сұхбаты үшін журналист жауапқа тартылуы мүмкін екенін айтқан.
26 мамырда босап шыққан Думан Мұхаметкәрім 28 мамырда қайта қамауға алынды.
2 маусымда журналистің тергеу изоляторында тағы да аштық жариялағаны белгілі болды.
Көп ұзамай оның әкесі әкесі Алмаз Тілепов те ас-судан бас тартатынын мәлімдеді. Іле аудандық прокуратурасына барған Думан Мұхаметкәрімнің ата-анасы ұлдарының заңсыз ұсталып отырғанын, денсаулығы нашарлағанын айтып, оны босатуды талап етті.
Жуырда Думан Мұхаметкәрімнен "Террористiк немесе экстремистiк әрекетті қаржыландыру және терроризмге не экстремизмге өзге де дем берушілік" (Қылмыстық кодекстің 258-бабы) бабы бойынша қылмыстық істе куәгер ретінде жауап алынып жатқаны хабарланған. Оның үйінде тінту жүргізілді. Кейінірек журналистің жағдайы күрт нашарлағаны хабарланған еді.
Думан Мұхаметкәрімнің Ulysmedia.kz порталына берген сұхбатын мына сілтемеден көруге болады.