2024 жылдан бастап Қазақстанда электр энергиясы 2 есе қымбаттауы мүмкін

Ғалиасқар Думан

2024 жылдан бастап Қазақстандағы электр энергиясының тарифі өсуі мүмкін. Бағаны қымбаттату есебінен еліміздегі станцияларды күрделі жөндеуден өткізу көзделіп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған энергетика министрінің бұйрық-жобасында көрсетілген.

Құжатқа сүйенсек, 2024 жылы қуаттылықтың шекті тарифінің деңгейі айына 1065 мың теңге болады.

"2016 жылдан бастап 2022 жылға дейінгі кезеңдегі инфляция коэффициентін ескере отырып, 2024 жылы қуаттылықтың шекті тарифінің деңгейі айына 1065 теңге (қазір 590 мың теңге), 2025 жылы 1215 теңге/МВт болуы тиіс. Бұл саланың инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз етуге және авариялық жөндеудің жиілеп кеткен жағдайларын ескере отырып, Қазақстанның электр станцияларын күрделі жөндеуге қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік береді", - делінген құжатта.

Бұйрық 22 қыркүйекке дейін көпшілік талқылауда болады.

Айта кетейік, тамыздан бастап қазақстандықтар коммуналдық қызметтер үшін жаңа баға белгіленген түбіртектерді ала бастады.

Бұдан бұрын Астанада су, жарық пен жылу бағасы қаншалықты өскені хабарланған.