Мұнай кен орны, қонақүй, сауда орталығы: Қайрат Боранбаев мемлекетке не қайтарды

Ғалиасқар Думан

Қаржылық мониторинг агенттігі Қайрат Боранбаевқа қатысты қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыруға байланысты сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Ведомство мәліметінше, тергеу шеңберінде жалпы құны 90 млрд теңгеден асатын активтерді, оның ішінде: мұнай кен орнын, газ тарату компаниясын, сервис саласындағы кәсіпорынды, қонақүй және сауда-ойын-сауық кешендерін, фитнес орталықтар желісін, кеңсе үй-жайларын және басқа да активтерді мемлекет меншігіне ерікті түрде қайтару жөнінде шаралар қабылданды.

“Сондай-ақ, Қайрат Боранбаев Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 млрд теңге аударды. Осы объектілердің барлығы мемлекеттік органдар мен компаниялардың балансына беріледі, ал ақшалай қаражат білім беру инфрақұрылымын дамыту үшін пайдаланылатын болады”, – делінген хабарламада.

Бұған дейін Қ.Боранбаев табиғи газ импорты кезінде қаражатты жымқыру эпизоды бойынша тергеу аясында 14,5 млрд теңге көлемінде материалдық шығынды өтеген болатын.

Естеріңізге сала кетейік, наурыз айында Боранбаев 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Боранбаевтың сенімді өкілі Роман Наханов, сондай-ақ "QazaqGaz "ҰК" АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзақта та  8 жылға сотталды.

Тамызда Астана қалалық сотында Қайрат Боранбаевтың ісі бойынша апелляциялық келісім қаралды. Отырыста  кәсіпкер кінәсін мойындап, залалды өтегісі келетінін мәлімдеген.