Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Түркістан облысындағы құтқарушылардан алым жиналғаны жөніндегі ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ол өзінің ұстанымы адал қызмет екенін атап өтті.
"Иә, шынында да, мұндай мәлімдеме болды. Менің ұстанымым: адал өмір сүру, еңбек ету. Сондықтан мәлімдемеде айтылған фактілерге жол берілмейді. Біз ашық және белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен өте тығыз жұмыс істейміз. Дәл осы факті бойынша тексеру жүргіземіз. Егер алым жинау деректері анықталса, ондай адамдар жазаланады. Егер бұл жала екені анықталса, онда сотқа белгіленген тәртіппен арыз берілетін болады", - деді министр.
Еске салайық, бұдан бұрын ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Зуялхан Гасановтың Түркістан облысының құтқарушыларынан төтенше жағдайлар министріне ақша жинау туралы мәлімдемесінің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеген.
Ведомствоның мәлімдеуінше, бұл – бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану арқылы кезекті арандатушылықты іске асыру.
«Бұған дейін Гасанов Зуялхан (2022 жылы) жала жапқаны үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікке тартылған болатын. Айта кету керек, бұл азамат қазіргі уақытта азаматтық қорғау органдарының қызметкері емес, өйткені биылғы мамырда теріс себептермен жұмыстан шығарылды.
Ол бірнеше рет осындай мәселелер бойынша ТЖМ-ге жүгінді, бірақ тексеру нәтижелері бойынша ол көрсеткен дәлелдер расталмады.
Осыған қарамастан, өтініште айтылған әрбір факті бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп қызметтік тергеу жүргізілетін болады»,-делінген хабарламада.
Айта кетейік, Антикор мәліметінше, төтенше жағдай министрлігінде жемқорлықтың 70%-ын бөлімше басшылары жасаған.Соңғы 5 жылда азаматтық қорғау органдарында 150-ге жуық сыбайлас жемқорлық фактілері тіркелген. Олардың басым бөлігі Алматы, Астана, Шымкент қалаларына, сондай-ақ Қостанай және Алматы облыстарына тиесілі.
Жуырда Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің бастығына үкім шықты.
Сондай-ақ, бұдан бұрын ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов және Шымкент қаласы мен Жетісу облысы бойынша ТЖД бастықтары ұсталғаны хабарланған.
Олар өртке қарсы қауіпсіздік саласындағы қамқорлығы үшін кәсіпкерлерден жүйелі негізде пара алып, тексерілетін ұйымдарды келісімшарттар жасау арқылы олардың қызметтерін сатып алуға және уақтылы ақы төлеуге мәжбүрлеген деген күдікке ілінді.