Аймағамбетовтың жаңа мүмкіндігі һәм 1,97 трлн теңгенің тапсырмасы

Ulysmedia

«Білімді ұлт» ұлттық жобасына бес жыл ішінде 1,97 трлн теңге инвестиция салынғалы отыр. Бұл сома мектептен бастап университетке дейін білім сапасын арттыруға жұмсалмақ. Осы бағыттағы қадам білім беру жүйесіндегі кезекті реформа ма әлде, шын мәнінде эволюция ма? Ulysmedia.kz тілшісі білім және ғылым бағытында қазақстандықтарды не күтіп тұрғанын анықтауды жөн көрді.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Айтпақшы, Білім және ғылым министрлігін бұған дейін ешбір шенеунік ұзағынан басқарған емес. Бірақ министрлікке келген әр басшы аз уақыт ішінде қандай да бір реформа жасауға тырысып бақты. Ең даулы «реформаларының» өзі басы таудай басталғанымен, аяғы қылдай болғаны бар. Мектепті 12 жылдық білімге көшіру, үш тілде оқыту, жаңа оқулықтардың жүйелі түрде басылуы, қалаусыз университеттердің ашылып, жабылуы – білім саласының басынан осының бәрі өтті.

БАЛАБАҚША

Ұлттық жобаның төрт бағыты бар екен: мектепке дейінгі білім беру және оқыту, орта білім, техникалық және кәсіптік білім, сонымен қатар жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім. Білім және ғылым министрінің айтуынша, балалардың ерте дамуында «ойын арқылы білім алу» қағидасын жүзеге асыруға баса мән берілмек. Ол үшін оқу жоспарлары мен бағдарламалары жасалып, мектепке дейінгі ұйымдардың материалдық-техникалық базасы нығайтылады. Барлық мектепке дейінгі ұйым осы үлгіге көшеді.

Өзгерістерді балабақша тәрбиешілеріне де күтіп тұр – олардың мәртебесі көтеріледі. Алайда балалармен жұмыс істеу үшін олар оқып, қайта даярлаудан өтуі керек. Одан бөлек мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың сапасын бағалау тәртібі енгізіледі. Білім министрлігі бұл үдеріске ата-аналарды қатыстырмақ.

БҒМ таратқан ақпаратқа сәйкес, 2025 жылға қарай балалардың 95% балабақшамен қамтылады.

МЕКТЕП

Орта білімнің мәселелері де атқарғанға оңай шаруа емес. Қазір елдегі мектеп оқушыларының нәтижелері PISA қорытындысы бойынша оқу жағынан 410 ұпайға дейін, математикадан 440 және жаратылыстану бойынша 430 ұпайға дейін болып отыр. Сондай-ақ облыс, қала және ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту көзделген. 2025 жылға қарай мектеп оқушыларының барлығы дерлік музыка мектептеріне, өнер мектептеріне, үйірмелер мен спорт секцияларына бару мүмкіндігіне ие болуы керек. Ол үшін қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырысты қаржыландыру айтарлықтай ұлғайтылатыны жөнінде министр Аймағамбетов уәде етті. Жоспар бойынша 2025 жылы бұл мүмкіндікке 3,8 миллион бала ие болады.

Аймағамбетов қазіргі уақытта орта білім беру саласында кемшілік барын, білімді қалпына келтіру бойынша бағдарламаны жүзеге асыру керектігін мойындап отыр.

ОҚУЛЫҚТАР

Оқулықтарды әзірлеу мен сараптауда «Жаңа тәсілдер» көзделген екен. Бұл, бәлкім, әрбір ата-ана мен балаға таныс ең даулы саланың бірі шығар. Оқулықтардағы қателіктер, күлкілі мысалдар мен тапсырмалар ата-аналардың чаттары мен әлеуметтік желілерде бұрыннан талқыланып жүр. Міне, сондықтан Аймағамбетовтың айтуынша, министрліктің барлық бастамасына көпшіліктің сақтықпен қарауы ғажап емес. Өкінішке қарай, пандемия және бүкіл оқу үдерісінің онлайн режимінен бас тартуы жүйенің қашықтан сабақ өткізуге дайын емес екенін көрсетті. Бұған дейін мемлекет тарапынан қашықтан оқыту арналарын дамытуға жұмсалған миллиардтаған ақша қазақстандық оқушыларға қашықтықтан сапалы білім беруге мүмкіндік бермеді. Ақыры ата-аналар да, балалар да сабақ жалғастыруға көмектесетін Zoom платформасын пайдалана бастады.

АУЫЛ МЕКТЕПТЕРІ

Ауылдарға арнайы жаңашылдық келгелі жатыр. 2023 жылдан бастап толыққанды ауыл мектептері жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне кезең-кезеңімен көшіріледі. Ұлттық жоба аясында жаңа мектептер салынып, ескі мектептер жаңартылады.

Тапшылықты азайтып, екі ауысымды мектептерге көшу үшін 2025 жылға дейін 1000 мектеп салу жоспарланған. Нәтижесінде үш ауысыммен оқып жатқан мектептер жойылып, апатты мектептердің үлесі азаяды деп күтілуде. 2025 жылға қарай шағын қалаларда, облыс орталықтары мен ауылдарда 5 мың мектеп жаңартылады. Бұл да – Аймағамбетовтың уәдесі.

МҰҒАЛІМ – АБЫРОЙЛЫ МАМАНДЫҚ

Алдағы төрт жылда мұғалімдердің жалақысын тағы екі есе өсіріп, сондай-ақ педагогикалық шеберлік үшін қосымша төлемдерді арттыру жоспарланып отыр. Министр мұғалімдердің жалақысы көтерілгенімен, кәсіби талаптар да артқанын атап өтеді. Шындығында, ұстаздық мамандыққа деген қызығушылық та зор қазір. Аймағамбетов атап айтқанда, 2021 жылы педагогикалық мамандықтар бойынша ҰБТ тапсыру балы 75 бал болса, 2018 жылы ол 50-ден аспағанын айтады. Жалақының аздығына қарамастан, бұрын мектепте үшпен оқыған оқушылар педагогикалық жоғары оқу орындарына грант алу үшін түскені еш құпия емес. Қазір бұл жағдай жаңадан келген үміткерлер үшін біртіндеп өзгеріске ұшырап жатыр.

Айтпақшы, Білім және ғылым министрлігі басшысының өзі болашақ мұғалімдерге қойылатын талап күшейтілмей жатып-ақ, университетті бітіріп үлгерген. 2020 жылдың 25 мамырында мектеп түлектерін құттықтаған Аймағамбетов өмірбаянының осы бір кезеңін еске алғаны бар. Сонда ол әрбір түлек тамаша ғалым, керемет кәсіпкер және жай ғана жақсы адам болуды армандайтынын мәлім еткен еді.

Қазан қаласындағы мектептегі атыс оқиғасы аясында барлық қазақстандық мектептер бақылау жүйесімен қамтамасыз етілмек. Бейнебақылау сыртқы және ішкі жүйеде болады. Сондай-ақ мектептердің 90 пайызында пәндік кабинеттер пайда болады.

КӘСІПТІК БІЛІМ

Шешілетін тағы бір міндет – жастарды 100 пайыз тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету. Қазір мектеп оқушыларының 70 пайызы тоғыз сыныпты бітіргеннен кейін ТжКБ-ға барады. Осы ретте 170 колледждің оқу-өндірістік шеберханаларын заманға сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жоспарланған. Оқу бағдарламаларының өзі жұмыс берушілерді тарта отырып жаңартылады.

ЖОО

Жоғарыда аталған жұмыстармен қатар, қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру көзделген. Ол үшін сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім беру гранттарының саны 50%-ға ұлғайтылып, білім беру бағдарламаларының өзі жаңа нарықтық жағдайларға бейімделеді. Сондай-ақ 2025 жылдың соңына дейін шетелдік университеттердің бес филиалын ашу жоспарлануда. Аймағамбетов бұл жастардың елден кетуін азайтады деген сенімде.

2021 жылы білім беру жүйесін реформалауға 168,2 млрд теңге, 2022 жылы – 227,5 млрд теңге, 2023 жылы – 410,1 млрд теңге, 2024 жылы – 557,8 млрд теңге және 2025 жылы – 606,9 млрд теңге қажет болады.

Аймағамбетов осындай қолдау арқылы білім саласындағы жағдайды түзеп, «Білімді ұлт» жобасын жүзеге асырып, министр-реформатор ретінде тарихта қала ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді.