Газ бен электр желілерін дамытудағы министр Ақкенженовтің стратегиясы қандай

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Соңғы жылдары энергетика саласында бірнеше ауқымды жоспар таныстырылғанымен, олардың «жарқын болашағы» көбіне бұлтты күнгі аспандай бұлыңғыр болып қалатын. Жалаулатып-алаулатып, қолыңа майлы жілік ұстатамын деп сендірген сала басшыларының сайып келгенде ісі керісінше болып жататын. Нақты есеп-қисапқа құрылған жоспарды, тартылған әр желі мен жүргізілген құбырдың саны мен сапасын көрсету, ең бастысы, мұның бәрі не үшін жасалып жатқанын түсіндіру – Энергетика басшылығынан біз күткен нәтиже-тұғын. 

Ерлан Аккенженовтің Үкімет отырысында және одан кейінгі баспасөз мәслихатында сөйлеген сөзін осынау нәтижеге жасалған оң қадам деп бағаладық.

ГАЗДЫҢ РАХАТЫН ХАЛЫҚ КӨРЕДІ

Мінберде әңгіме ауаны газ туралы болды. «62,14%», - деді министр елдегі газ құбырын тарту деңгейін айта отырып. Бұл дегенің бұрын қыс болса үйіне көмір түсіріп, күйе-күйе болып жүретін 12,6 млн адамның мәселесі шешілді деген сөз. Енді олар бір-ақ тал сіріңкемен газ жағып, ас-суын дайындай алады. 2024 жылы республикалық бюджет пен «Самұрық-Қазына» қорынан 112,5 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат 84 жобаға жұмсалмақ. Бұл сандардың, бір қарағанда, анау айтқандай мәні болмауы мүмкін. Алайда оның артында 71 елдімекеннің көгілдір отынға қосылу мәселесі тұр. Яғни, жақын арада аталған ауылдарға газ құбыры жүргізіліп, халық жер асты байлығымыздың игілігін көреді. 

Дегенмен жайлы өмір арзан тұрмасы анық. Сонда қанша? Халық газға қанша ақша төлеуі керек? Бұл орайда Ерлан Аккенженов «Әлеуметтік әмиян» туралы еске салды. Батыс Қазақстан облысы мен Шымкентте 9,4 мың отбасыға газға 24% дейін жеңілдік берілген. Әрине, қос облыс халқы сынақ режимінде өткен «Әлеуметтік әмиян» жобасына қатысқан. Енді, министр растағандай, осы тәсіл жалпы елге қолданылмақшы. Яғни, географиясы кеңейеді. Бір айқын нәрсе: газды баршаға субсидия арқылы арзан бағада ұсыну мүмкін емес (қазіргі таңда Ұлттық оператор әр мың текше метрге 10 мың теңгеден артық үстеме төлеп отыр!). «Әмиян» жобасы – әлеуметтік осал санатты отбасыларға арналған және ол бағаны айтарлықтай төмендетуге бағытталған. 

Газ тарту жобасын жалғастыру, сонымен бірге тоқтатпай, әлсіз топтарға да қолдау білдіру дегенің оңай дүние емес. Оған, алдымен, газдың мол қоры қажет. Міне, осы тұста жер қойнауындағы газымыздың мөлшері қандай, оны өңдеуге шамамыз жете ме деген стратегиялық сұрақ туындайды. Министрлік қуаты 535,5 миллиард текше метр болатын 15 жаңа учаскеге үміт артып отыр. QazaqGaz-дың серіктестер тізіміндегі Chevron мен өзге де инвесторлар бұл бағыттың маңыздылығын көрсетеді. Бірақ жер астынан газ өндіру жеткіліксіз, оны өңдеп, тауарлық газға айналдыру керек. Сондықтан 2030 жылға дейін Қашағанда, Қарашығанақта және Жаңаөзенде төрт жаңа газ өңдеу зауытын іске қосу жоспарланған. Жаңа қорлар мен жаңа зауыттарсыз барлық газдандыру мен транзит жоспарлары қағаз жүзінде ғана қалуы мүмкін.

ТРАНЗИТ: ҚАЗАҚСТАННЫҢ ГАЗ МӘСЕЛЕСІНДЕГІ ЖОСПАРЫ

Дегенмен елдің газдандыру перспективасында екі үлкен бос вакуум бар, ол – солтүстік және шығыс аймақтар. Кейінгі баспасөз мәслихатында министр екі ықтимал сценарийбарын растады. Біріншісі, жылына он миллиард текше метрге дейін Ресейден (шекараға дейінгі құбырда қазірдің өзінде қысым бар) газ тарту, екіншісі, «Сарыарқа» газ құбырын жалғастырып, үшінші және төртінші кезеңдерін Ақмола облысы арқылы Шығыс Қазақстанға жеткізу. Министрдің айтуынша, бұл жобалар бірімен бәселеспей, қатар жүріп жатыр.

Ал Ресей газын Қытайға жеткізу мәселесі одан да күрделі. Мәскеу әзірге құбырды Моңғолия арқылы өткізуді ұсынып отыр, ал Е.Аккенженов Қазақстан аумағы арқылы өтетін бағытты ең тиімді жол деп ашық айтады. Бұл – тек логистика емес, стратегиялық келіссөздер мен шешімдер.

ҚЫСҚА ДА НҰСҚА ЖАУАП

Үкіметте баяндама жасағаннан кейін министр журналистер алдына келді. Кезек қысқа-нұсқа, мірдің оғындай сұрақтарда. Бірінші сұрақ Атырау мұнай өңдеу зауытын ресейліктерге сату туралы болды. Энергетика министрі бұл сұраққа өте қысқа жауап берді: «Министрлікке ешқандай құжат түскен жоқ. Сондықтан мынау рас, мынау жалған деп, ештеңені кесіп айта алмаймын» деп, қысқа қайырды. «Татнефть» туралы қауесеттер ресми мәлімдеме жасалмағаннан кейін қауесет күйінде қала берді.

Келесі кезекте әрдайым өзекті мәселе бензин бағасыайтылды. Әлемдік нарықтағы өзгерістер аясында «Егер мұнай бағасы тағы өссе немесе күрт төмендесе не болады?» деген сұрақ қойылды. «Тікелей тәуелділік жоқ, – деп сендірді министр. – Баға ел ішінде қалыптасады, үш мұнай өңдеу зауытымыз сұранысты толық жабады». Статистика да мұны растайды: Brent пен қазақстандық маркадағы бензин бағасының графиктері бір-бірін қайталамайды. Дегенмен жүргізушілер арасында өзге елдердегі бағаны бақылау, салыстыру әдеті әлі жойыла қойған жоқ.

«Жасыл» күн тәртібі де назардан тыс қалмады. Қаңтар айында «Гиперборея» жел электр станциясы іске қосылған соң, Қарағанды облысы Қазақстанның ЖЭК (Жаңартылатын энергия көздері) ұлттық картасынан өз орнын алды. 2024 жылы ЖЭК 7,6 миллиард киловатт/сағат өндірді, бұл жалпы көлемнің 6,43 пайызы. 2025 жылдың соңына дейін министрлік тағы тоғыз станцияны (455 мегаватт) және жаңа жобалар бойынша рекордтық аукционды (1810 мегаватт) уәде етіп отыр. Елдегі электр энергетикасының көрінісі халықтың қалыптасқан түсінігінен жылдамырақ өзгеруде: осыдан 5-10 жыл бұрын күн мен жел энергиясы халыққа экзотика саналса, қазір олар энергия теңгерімінің маңызды бөлігіне айналды, әрі министр бұл өзгерісті басты жетістік ретінде атап өтті.

Дегенмен кез келген жақсы стратегия тарифтер сияқты қарапайым мәселеге келгенде тығырыққа тіреледі. Жақында электр энергиясы тарифінің түзетілуі жел мен күн генерациясының жетістіктерінен әлдеқайда көп қоғамдық пікір тудырды. Аккенженов бұл сұраққа ашық жауап берді: ЖЭО мен желілердің 60 пайыздан астамы тозған, ал күрделі жөндеуге қаржы болған жоқ. Тарифті көтеру жөндеу қорын 44 пайызға – 327 миллиард теңгеге ұлғайтты. Министрдің айтуынша, осы қаражат өткен жылыту маусымын қиындықсыз өткізуге мүмкіндік берген.

Министрліктің стратегиясы түсінікті болды: Екі қадам алға басу үшін бір қадам шегіну керек. Яғни, бүгін сәл көбірек төлеп, жүйедегі ақауларды жөндейміз, әйтпесе қыста жарықсыз, жылусыз отыруға мәжбүр боламыз. «Бұл – әр үйдің тұрақты энергиямен қамтылуына салынған инвестиция», – деп түйіндеді министр. Ал енді бұған қарсы ешқандай уәж айта алмайсың. «Алайда, бұл әлі де теңізге тамған тамшыдай, бізге миллиардтаған доллар қажет!», – деп ерекше атап өтті министр. Яғни, салада әлі де атқарар шаруа шаш-етектен. 

Соңында сөз Ұлттық қор мен «Талдықорған – Үшарал» газ құбырына келді. Қазақстандықтар неге болашақ ұрпақтың «қордағы» ақшасын пайдалануға келісуі тиіс деген сұраққа министр: «бұл – 124 мың адамның өмір сапасына инвестиция, арзан әрі экологиялық таза отын, жаңа өндірістер, жұмыс орындары», – деп жауап қатты.

«Ұлттық қордан алынған әр теңге газ құбырының бір сантиметріне жұмсалады деді миинстр ойын бейнелі түрде жеткізбек болып. Яғни, бұл дегенің Жетісу өңірі тұрғындары қыста күйе-күйе болып көмір түсіріп, май-май болып от жақпайды, қыста үйлері жылы болады деген сөз. «Халықтың жайлы өмір сүруі ешқандай ақшамен есептелмеуі керек, жоба өзін коммерциялық тұрғыдан ақтай ма деген сұраққа осылай жауап берем» деді министр ойын ашық жеткізіп. 

БӘРІНЕ УАҚЫТ ТӨРЕШІ

Кездесуден кейін жаңа (немесе кезекті) Энергетика министрінің журналистермен фактіге сүйеніп сөйлесу тактикасын таңдағаны байқалды. Артық сөз, жалпылама уәде, құрғақ ұран жоқ. Нақты бағыттар, сандар, мерзімдер, тіпті тарифтер мен активтерді сату сияқты резонансты тақырыптар да ашық айтылды. Шенеунік осы ашық коммуникация форматынан айнымаса екен деген тілек бар.

Әрине, презентация мен шынайы өмірдің арасында әдеттегі бюрократия, қаржыландыру және саясаттың өз кедергілері әрлі-берлі жүретіні бесенеден белгілі. Бірақ министрлік түрлі жобаларды: бұрғылау ұңғымасынан пеш қақпағынадейін, бензин бағасынан ЖЭО реформасына, жел станцияларынан мұнай өңдеу зауыттарына дейін біртұтас логикалық жүйеге жинақтаған. Балапанды күзде санайды дейді. Жоспар қаншалықты орындалады, діттеген мақсатқа жете ала ма, оны уақыт көрсетеді.