Нұртілеудің отставкасы, Көшербаев қызметі, Назарбаев әулеті: СІМ төңірегіндегі дау неден басталды?

Есдәулет Қызырбекұлы
ulysmedia коллажы

26 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Көшербаевты сыртқы істер министрі етіп тағайындады. Ол кейінгі бір айда басы даудан арылмаған Мұрат Нұртілеудің орнына келді. Кейінгі екі-үш күнде түрлі болжамдар айтылды. Бірі Нұртілеудің қызметінен кетіп, орнына Ермек Көшербаевтың келуіне Ресей ықпал етті десе, енді бірі Бажкенова таратқан ақпараттың жаны бар деуде. Үшіншілері ауыс-түйіске Тоқаевтың АҚШ-қа жасаған сәтсіз сапары себеп дейді. Нұртілеу не себепті кетті? Көшербаевтың сыртқы істер министрі болып тағайындалуының сыры не? Оның Назарбаев әулетіне қандай қатысы бар?

Садықовтың қазасы, Нұртілеудің отставкасы

Қыркүйектің басында журналист Гүлнар Бажкенова Orda.kz сайтында Мұрат Нұртілеу былтыр Украинада қастандықтан қаза болған қазақстандық оппозициялық журналист «Айдос Садықовты өлтіруге тапсырыс берді» деген ақпарат таратқаннан кейін шамамен жиырма күн өткенде қызметінен босатылды. Сол уақытта Бажкенова Мұрат Нұртілеу, кәсіпкер Гаджи Гаджиев және ҰҚК-нің бірқатар лауазымды қызметкері ұсталғанын айтқан. Құзырлы органдар бұл ақпаратты жоққа шығарған.

Мұрат Нұртілеудің өзі 8-ші қыркүйек президент халыққа жолдау жасаған күні журналистер алдына шыққан. Ол өзіне қатысты тараған жалған ақпаратпен құзырлы органдар айналыссын деген.

– Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Қазақстан – зайырлы мемлекет. Арнайы орган бар. Қажет болса, солар айналыса берсін. Мен бұны өзіме қабылдамаймын. Аққа құдай жақ, бұл да бір сынақ шығар, деген Нұртілеу. 

Осыншама дауға қарамастан президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мұрат Нұртілеуді халықаралық инвестиция және сауда ынтымақтастығы жөніндегі көмекшісі етіп тағайындады.

Украинадағы соғыс пен Кэмеронға жасалған пранк

Мұрат Нұртілеудің қызметінен кетіп, орнына Ермек Көшербаевтың тағайындалуына «Мәскеудің қысымы мен ықпалы болды» дейтіндер оны былтыр Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Кэмеронмен болған пранк дауымен байланыстырады. Сол уақытта ресейлік пранкерлер Дэвид Кэмеронмен Украинаның бұрынғы президенті Петр Порошенко болып сөйлескен. Ол онда Украинадағы соғыс мәселесін айтып, Астанаға жасаған сапарында Мұрат Нұртілеумен арада болды делінген диалогты айтқан.

«Путиннің Солтүстік Қазақстанның бір бөлігін алғысы келетініне сенімдімін. Сыртқы істер министрі Ресеймен ұзын шекара болғандықтан, ахуал ушығып жатқанын айтты. Ол украиндықтар Қазақстан үшін қаза тауып жатыр, олар Ресейді тежеу үшін өз өмірін қатерге тігіп жатыр деді», – деген Кэмерон пранкерлермен болған 15 минуттық әңгіме барысында.

Бірақ бұны сол уақытта Қазақстан сыртқы істер министрлігі жоққа шығарған. Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров Ресейдің «РИА Новости» басылымына «Мұндай әңгіме болған жоқ. Жалған ақпарат үшін жауапкершілік британ министрінің мойнында» деген.

Ұлыбритания сыртқы істер министрлігі Дэвид Кэмеронның болған іске өкінетінін мәлімдеген.

Көшербаевтың реакциясы және Назарбаев әулеті

Мәскеу қысымы мен ықпалы туралы айтатындардың тағы бір уәжі Ермек Көшербаевтың 2020-2023 жылдары Ресейде елші болуы және экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаевамен туыстық қарым-қатынасы.

Ермек Көшербаевтың әйелі Динара Шайжүнісованың інісі Дален Шайжүнісов 2018 жылы Дариға Назарбаеваның қызы Венера Рахатқызына үйленген. Сол уақытта екі жастың тойы Алматыдағы Ritz-Carlton-да үлкен салтанатпен өткен.

Биыл мамырда Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен. Сол уақытта Кремльдің баспасөз қызметі Назарбаев пен Путиннің кездесуінен қысқа ғана дыбыссыз видео таратқан. Екеуінің не жөнінде сөйлескені белгісіз.

Бұған қоса, 2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаеваның Мәскеуге көшкені туралы айтылған. Әлеуметтік желіде оның Мәскеудегі кештердің бірінде жүргені бейнеленген видеолар да тараған.

Бүгін Ақорда кулуарында Ермек Көшербаев өзінің сыртқы істер министрі болып тағайындалуына Кремльдің ықпалы барын жоққа шығарды.

«Біздің мемлекет басшысының шешіміне Кремль қалай әсер етеді? Біз тәуелсіз мемлекетпіз, барлығын президенттің өзі шешеді», – деді ол журналистер сұрағына.

Мұғалім Көшербаев қалай министр болды?

Ермек Көшербаевтың мұғалімдіктен министрлікке дейінгі еңбек жолы Қазақстан шенділерінің классикалық үлгісі деп айтуға болады. 1965 жылы 2 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген ол 1988 жылы C.Киров атындағы Қазақ Ұлттық университетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) тарихшы мамандығын бітірген. 1993 жылы КСРО Дипломатиялық академиясын халықаралық қатынастар және сыртқы саясат мамандығы бойынша тәмәмдаған.

1988 жылы Алматыдағы №170 орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып болған. Әр жылдары премьер-министрдің орынбасары, «Отан» партиясының аппарат басшысы, «Назарбаев білім беру қоры» директорының орынбасары, «ҚазМұнайГаз», «ҚазТрансОйл», «KazEnergy» сияқты компанияларда басшылық қызметтер атқарған. Кейінгі жылдары ауыл шаруашылығы вице-министрі, Қазақстанның Ресейдегі елшісі, Шығыс Қазақстан облысының әкімі, премьер-министрдің орынбасары болды.

Тоқаевтың АҚШ-қа сапары

22-ші қыркүйекте президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте жұмысын бастаған БҰҰ Бас Ассамблеясының жиынына сапарлап барған. Онда ол Украина президенті Владимир Зеленский, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш және бірқатар елдің басшыларымен кездескен.

Бұдан бөлек, Тоқаевтың АҚШ президенті Дональд Трамппен кездескені туралы айтылды. Бірақ кезесуден не видео, не фото жарияланбады. Кейіннен Тоқаевтың Трамппен телефон арқылы сөйлескені айтылды. Трамп әлеуметтік желідегі парақшасына Тоқаевпен келіссөз болғанын, «Қазақстан 4 миллиард долларға жүк сүйрейтін 300 локоматив сатып алатын болды» деп жазды.

БҰҰ Бас Ассамблеясының жиынына барған Орталық Азия елдері президенттері арасында Дональд Трамп Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевпен ғана жеке кездескен. Кездесу видеосын Өзбекстанның мемлекеттік телеарналары жарыса көрсетті.

Бірақ бүгін журналистерге су жаңа сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Тоқаев пен Трамп кездесті деді.

– Екеуі кездесті. Трамптың біздің президентке айтқан сөзін естідіңіздер. Мәселе сөздерде емес. Мәселе екі мемлекет басшыларының арасындағы қарым-қатынас өте жоғары бағаланып отыруында, – деді Көшербаев. 

Ол «Трамп кездесу фотоларын өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жариялады, көрмедіңіз бе?» деп журналистердің сұрағына таңдана жауап берді. Қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа сапарлап барады деп күтілуде. Ол Вашингтонда Дональд Трамппен кездеспек.