Жаңа министр, ескі проблемалар: Жұлдыз Сүлейменоваға қалған мұралар

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Қыркүйектің соңғы дүйсенбісінде Қазақстанда жаңа оқу-ағарту министрі тағайындалды. Жұлдыз Сүлейменова бұл қызметте Ғани Бейсембаевты алмастырды. Ulysmedia.kz жаңа министрге оның алдындағы әріптесі орындай алмаған міндеттердің жүгін көтере ала ма деген сұраққа жауап іздеп көрді.

Ауыр мұра

42 жастағы Жұлдыз Сүлейменова білім саласына мүлде бейтаныс адам емес. Оның еңбек жолында Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі қызметі, Мәжілістегі депутаттық тәжірибесі және Ұлттық құрылтайдағы мүшелігі бар. Алайда осының бәрі жылдар бойы қордаланған мәселелердің ауқымына төтеп беруге жеткіліксіз болуы мүмкін. Білім беру жүйесін үнемі жанжалдар шайқалтумен келеді.

Көпшілік Алматыдағы №67 мектептің оқиғасын ұмыта қойған жоқ. Онда мұғалім балаларға қалдық асты бергенін бейнежазбаға түсіріп жариялаған еді. Министр ол кезде дұрыс қадам жасағандай көрінді: мұғалімді қолдап, тамақ жеткізушіні ауыстырды, мектеп директорын жазалады. Бірақ сонымен қатар, батыл мұғалімнің өзіне қысым жасалып, сот істері көбейді. Нәтижесінде, әдеттегідей мұғалім жазаланып, бақылау жүйесі сол қалпы жұмыс істемей қалды.

Өткен аптада әлеуметтік желілерде Алматыдағы №65 гимназия асханасының қазіргі жағдайын көрсететін фото мен бейнежазбалар тарады. Ас лифтінен қоқыс пен кір ыдыстар шыққан. Ата-аналар прокуратура мен санитарлық қызметке шағымданды. Директорға тәртіптік шара қолданылып, санитарлық органдар тексеріс жүргізуде, ас жеткізуші компанияға да шара қолданылатыны айтылды.

Тамыз айында министрлік мектептерде хиджаб пен орамал тағуға тыйымды тағы да растады. Бұл шешім жаңа дау тудырды: діни еркіндік талабы зайырлы білім принципімен қақтығысты. Бірақ билік диалог жүргізудің орнына қатаң тыйыммен шектелді.

2025 жылғы тағы бір жанжал – «Бағанашыл» балалар үйін Алматыдан Қонаев қаласына көшіру әрекеті. Көшіруде балалардың пікірін ескермей, іс жүзінде бұйрық тәртібімен жүзеге асырмақ болған. Ақыр соңында президент деңгейінде араласу қажет болды. Бұл министрліктің тәрбиеленушілердің құқықтарына немқұрайлы қарағанының айғағы.

Балалар суициді мен жаппай соққыға жығылу

2024–2025 оқу жылында Қазақстан мектептері мен жоғары оқу орындарында балалар мен студенттердің арасында «айтарлықтай көп» суицид оқиғалары тіркелді. Дәл санын билік жариялаудан бас тартады, бірақ мәселенің ушығып кеткенінің өзі көп нәрсені аңғартады. Биыл мамырда үкімет жаңа профилактикалық шаралар енгізгенін мәлімдеді, алайда жаңа оқиғалар тоқтамай отырғандықтан, сөз бен істің арасы алшақ екені көрінеді.

Мектептердегі психологиялық қолдау көбіне формалды сипатта: бір психолог бірнеше жүз оқушыға қызмет етеді, отбасылармен жүйелі жұмыс жүргізілмейді, психикалық денсаулық тақырыбы жабық күйде қалады, буллинг пен мұғалімдердің бейжайлығы жағдайды ушықтыра түседі. Нәтижесінде, балалар шарасыздықтан өз өмірін қияды.

Балабақшаларда жұмыс істеп жүрген тәрбиеші мен күтушілердің басым көпшілігінде педагогикалық білімі жоқ. Соның салдарынан балаларға қатысты зорлық-зомбылық, қатыгездік пен психологиялық қысым оқиғалары үзілмейді. Оқыту бағдарламалары ескіргендіктен, балабақшалар «қатал әдістермен жұмыс істейтін дайындық мектептеріне» айналды.

Оған қоса, төмен жалақы мен мамандықтың беделсіздігі жағдайды толықтырып тұр. Балаларға кез келген адам келеді, ал ата-аналар «баламыз айқайлап ұратын, қол жұмсайтын тағы бір жаман апайға тап болмай-ақ қойсын» деп тілейді. Балабақшаларда бейнекамера орнатылғанымен, бұл да қатыгез тәрбиешілерді тоқтата алмай отыр, көбіне оларды тек жұмыстан босатумен шектеледі.

Жемқорлық: балалардың болашағын ұрлау

Жыл басынан бері білім саласында 192 қылмыстық іс тіркелген, келтірілген шығын 13 миллиард теңгеден асқан дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет. Түркістан, Жетісу, Алматы, Қызылорда, Ақтөбе облыстарында және Алматы қаласында ірі көлемде қаражат жымқыру деректері анықталды.

Антикордың мәліметінше, тек Түркістан облысының Шардара және Сарыағаш аудандарында үш жыл ішінде білім бөлімдерінің қызметкерлері 3,7 миллиард теңгені жымқырған. Тергеу әлі жүріп жатыр.

Бұдан бөлек, Жетісу облысында Талдықорған білім бөлімінің бас бухгалтері бастаған ұйымдасқан топқа қатысты іс аяқталды. Қаражат бөгде тұлғалардың шоттарына аударылып, мұғалімдердің жалақылары қолдан өсірілген. Бұл схемаға білім бөлімінің үш қызметкері мен он мектеп бухгалтері тартылған. Шығын 4,2 миллиард теңгеге бағаланып отыр, күдіктілердің 3 миллиард теңгелік мүлкіне тыйым салынған. Іс прокуратураға жолданды, кейін сотта қаралады.

Реформа үшін жасалған реформалар

Жұлдыз Сүлейменова жүйелі проблемалардың тұтасын мұраға алды: балабақшадағы зорлық-зомбылық, балалар үйлеріндегі дағдарыс, суицид эпидемиясы, наразылық білдірген мұғалімдер және нәтиже бермеген бітпейтін реформалар. Оның Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі тәжірибесі – білімнің элиталық сегментіндегі жұмыс тәжірибесі. Енді ол проблемалары мүлде бөлек ауқымдағы жаппай мектеп жүйесінде тәртіп орната ала ма?

Сүлейменованың өмірбаянынан оның мансабы білім беру, жастар саясаты және партиялық құрылымдардың түйіскен тұсында қалыптасқаны көрінеді. Алдымен студенттік өзін-өзі басқару мен оқытушылық, кейін жастар ұйымдарындағы қызмет (оның ішінде «Жас Отан»), одан соң мектеп мұғалімінің тәжірибесі. Өмірбаянында ол 2007 жылы Алматыдағы №159 көпсалалы гимназияда тарих және құқық пәнінің мұғалімі болғаны жазылған.

Қазақстандағы білім беру тарихы министрлер келіп кететінін, ал проблемалар сол күйі қала беретінін көрсетіп отыр. Кабинеттегі тақтайшадағы фамилияның ауысуы әлі өзгерістердің кепілі емес.