АҚШ-тың Chevron корпорациясы Қазақстанға, дәлірек айтқанда, елдің ең ірі мұнай-газ кен орындарының бірі Теңізге үміт артып отыр. Америкалықтар майшелпектен айырылып қалмау үшін қандай қадамдарға барады? Жобада үлесі бар, бірақ санкцияға ілінген «Лукойлдың» тағдыры не болмақ? Ал Қазақстан Теңізден тағы қанша уақыт табыс таба алады? Бұл сұрақтарға Ulysmedia.kz жауап іздеп көрді.
Түйін қалай шешіледі
Chevron үшін Теңізді игеру жөніндегі тұрақтандырылған келісімшартты ұзарту – ең маңызды бағыттардың бірі. Соңғы үш айда америкалық компанияның басшысы Майк Уирт Қазақстан үкіметімен келіссөздер туралы екі рет айтып өтті және «бұл өте күрделі жоба» екенін еске салды.
Келіссөздер шынында да оңай болмайтыны анық. Бірақ бейнетіне қарай зейнеті дегендей, келіссөздер барысында кездескен қиындықтар кейін өзін ақтайтыны рас. Chevron мен ExxonMobil дәл осы жобаның арқасында мұнай өндіру көлемі бойынша еуропалық алыптар Shell мен TotalEnergies-тен озып отыр. Сондықтан америкалықтардың Теңіздегі ықпалын сақтап қалуға бар күшін салатыны түсінікті.
Мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Исмаиловтың айтуынша, Теңізге қатысты келіссөздер барлық тараптың, соның ішінде Қазақстан үкіметінің де мүдделерін ескеруді талап ететін күрделі процесс болады.
- Бұл келісімнің құрылымы өте күрделі. Онда төрт қатысушы бар, ал мемлекет бесінші мүдделі тарап ретінде есептеледі, – дейді Исмаилов.
Мұнай-газ саласының тағы бір сарапшысы Артур Шахназарян «ҚазМұнайГаз» компаниясы шынында да инвесторлармен елдегі үш ірі кен орны бойынша келіссөз жүргізіп жатқанын айтады. Алайда ұлттық компания әзірге «нарықты байқап көру» деңгейінде, нақты кепіл немесе уәде берген жоқ. Бұл да Chevron және басқа шетелдік инвесторлар үшін санаға салмақ салатын, шаш ағартатын жағдай.
- Әр компаниямен жеке және барлық жоба бойынша қатар келіссөздер жүріп жатыр. Мысалы, Chevron-мен – Теңіз бен Қарашығанақ, ал ExxonMobil-мен – Теңіз және Қашаған жобалары бірге қаралады. Келіссөздердің бұл форматы тиімді, алайда тәуекелі көп, – дейді Шахназарян.
Соңғы баррельге дейін
Келіссөздердің тағы бір қиындығы сол, Теңіз кенішінде өндіріс көлемі қазір өз максимумына жеткенімен, алдағы жылдары ол төмендеуі мүмкін. Бұл жоба экономикасына әсер етпей қоймайды. Сондықтан басты мәселе – мемлекет пен инвестор мүддесін үйлестіру.
Қазақстан билігі «ҚазМұнайГаздың» үлесін 25 пайызға дейін арттырғысы келеді, бірақ оның қай қаржы есебінен жүзеге асатыны әзірге белгісіз. Уақыт та аз, келісім әлі бірнеше жыл күшінде болғанымен, оны ұзартудың нақты шарттары өндіріс көлеміне тәуелді болмақ.
- Барлық қатысушы мен ҚМГ мүддесін сәйкестендіру өте қиын. Қазір Теңізде де, Қарашығанақта да қабат қысымының төмендеуі байқалады, бұл өндіріс қарқынына кері әсер етуде. Бірақ теориялық тұрғыда Теңізді төртінші рет кеңейту туралы келісіп, жылына 50 млн баррель деңгейін ұзақ мерзімге сақтап қалуға болады, – дейді Шахназарян.
Лукойл, шегінетін кезің келді
Chevron үшін үшінші үлкен мәселе – жобадағы «Лукойлдың» алдағы тағдыры. Қазір ресейлік компания «Теңізшевройлдың» 5% үлесіне ие, бірақ санкциялардан кейін бұл активтен бас тартуы мүмкін.
Оның үлесін кім иеленеді, ол жағы әзірге беймәлім. Бұл тақырып 12 қарашада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей басшысы Владимир Путин арасындағы кездесуде сөз болуы ықтимал.
- Біз көріп отырғанымыздай, «Лукойл» аталған жобадан бәрібір кетеді. Ирактағы жобасында компания форс-мажор жариялап, техникалық дефолтқа тап болды. Сол жағдай Теңізде де қайталануы мүмкін, – дейді Исмаилов.
«Лукойлдың» 5 пайыздық үлесінің тағдыры алдағы екі ай ішінде шешілуі ықтимал. Ірі жобаларда инвесторларға қаржылық міндеттемелерді жабуға әдетте 60 күн беріледі. Мұндай жағдай Қарашығанақта да туындауы ықтимал, олай болса ресейлік үлес консорциум мүшелері арасында қайта бөлінуі мүмкін.
- Мұнда мүдделі тараптар тым көп, оларды назардан тыс қалдыруға болмайды. Себебі салдары ауыр болуы ықтимал. Теңіз мұнайы негізінен Каспий Құбыр Консорциумы арқылы экспортталады, ал ол жерде де «Лукойл» акционерлер қатарында. Сонымен бірге ExxonMobil-мен де келісу керек. «Лукойлдың» үлесін жай ғана бөліске салу мүмкін емес, бұл жерде барлық қатысушының құқықтары ескерілуі тиіс, – деп түсіндіреді Исмаилов.
ExxonMobil бұл мәмілеге қатыспай қалуы да ғажап емес, өйткені мұндай тәжірибе бұрын да болған. Бірақ егер үлес «ҚазМұнайГаз» бен америкалық екі алпауыт арасында бөлінер болса, бұл өте сақтықпен жасалуы тиіс.
Қазақстан не сұрай алады?
Келіссөздер аясында Қазақстан мен Chevron салық саясаты бойынша да жаңа келісімшарттар жасасуы мүмкін. Өйткені 1990-жылдардан бері жағдай түбегейлі өзгерді, Қазақстан енді бұрынғыдай ешкім танымайтын, артта қалған ел емес. Инвесторлармен тең дәрежеде сөйлесуге құқылы.
- Ел үшін екі мәселе аса маңызды: біріншісі, төртінші мұнай өңдеу зауытын салу, екіншісі, оны шикізатпен қамтамасыз ету. Инвестор осы бағытта міндеттеме алуы тиіс. Бұл зауыт міндетті түрде «ҚазМұнайГазға» тиесілі болмауы мүмкін, оператор ретінде басқа компания тағайындалып, иесі мемлекет болуы ықтимал. Осылайша Chevron мен Теңіз инвесторларынан ішкі нарыққа мұнай жеткізуді талап етуге болады, – дейді Исмаилов.
Сонымен қатар, Chevron сұйытылған газ жеткізуге де кепілдік бере алады, дегенмен бұл мәселе екінші орында. Қазірдің өзінде Теңізден KPI зауытына жылына 500-550 мың тонна газ жеткізіледі.
Келісімшарт ұзартылуы мүмкін бе?
Қазақстан Chevron-мен келісімшартты ел мүддесіне барынша тиімді шарттармен қайта қарауға мүдделі. Бұл мәселе, сарапшылардың пікірінше, Уашиңтондағы Тоқаев пен Трамп кездесуінде де қозғалған.
Осылайша, Теңіз қазір үш мемлекеттің – Қазақстан, АҚШ және Ресейдің саяси және экономикалық мүдделері тоғысқан күрделі аймаққа айналып отыр.
Өткелде ат ауыстырмайды. Иә, Exxon өндіріс пен тиімділік жағынан Chevron-нан озып тұр. Бірақ Теңізде қабылданған кез келген бұрыс шешім өндіріс көлеміне және кеніштің жалпы жағдайына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан Chevron-ның Теңізде қалуы әлдеқайда дұрыс», – дейді Исмаилов.
Сарапшының айтуынша, елдегі ең ірі мұнай-газ жобаларының бірінде негізгі серіктесті ауыстыру тәуекелі өте жоғары іс болмақ.