Мюнхен ашқан мүмкіндіктер: Қазақстан технологиялық әлеуетін арттыруға мүдделі

Ulysmedia.kz коллажы

Түнімен Берлиннен Мюнхенге жол жүрдік. Журналистер мен операторлар тынымсыз күннен кейін шаршағанымен, жүздерінен болып жатқан оқиғаларға деген ықыласты аңғармау мүмкін емес. Таңертең жұмысымыз Мюнхен әуежайында жалғасты. Алда дамылдауға мұрша бермейтін жаңа бағдарлама күтіп тұрды.

Тоқаевтың қарқынына ілесу оңай емес. Мұны сапарды бірге жүріп, сапар барысын ақпараттандырып жүргенде ерекше сезінесің: бір кездесуден кейін екіншісі жалғасады, саяси келіссөздерден соң өнеркәсіп өкілдерімен кездесу, одан кейін парламент, форум. Бәрін түсіріп, оқырманға жедел жеткізіп, түсіндіруге тиіспіз. Ал президент әр жолы жаңа тақырыпқа көшіп, тыңғылықты дайындық пен тың уәжді қажет ететін нақты әңгімеге кірісуі қажет.

Шынымды айтсам, әріптестерім менен әлдеқайда ширақ қимылдады. Олар кезекті жаңалықтарды жіберіп жатқанда, мен әр мәлімдеменің астарынан тұтас картинаны көруге тырыстым. Украина мен Нью-Йорктен кейін және БҰҰ Бас Ассамблеясындағы жұмыстан соң айналада болып жатқан оқиғаларға басқа көзбен қарай бастадым. Бұл сапарларда соғыс, қауіпсіздік, ұлттық мүдде мен экономиканың болашағы тақырыптары бір-біріне тым жақын тұрды.

Осындай әлемде дипломатияның бағасын бұрынғыдан да анық түсінесің. Ол елдің кіммен келісім жасай алатынын, оған қандай нарықтардың ашылатынын, кімнің инвестиция салуға және технологиясымен бөлісуге дайын екенін айқындайды. Бұл жерде бизнес, ықпал және капиталдың саясатпен байланысы күнделікті жаңалықтар легінен көретінімізден әлдеқайда тығызырақ.

Егер Берлин ең алдымен саясатқа арналса, Мюнхенде нақты іске көшу басталды. Мұнда Германия басшылығымен жасалған уағдаластықтар өндіріс, инженерия және инвестиция жөніндегі әңгімелермен жалғасты. Ал мен үшін ең маңыздысы – Қазақстанның әлемдегі үшінші экономикамен диалог барысында өз мүддесін қаншалықты нық жеткізгені болды.

БАВАРИЯ ПРЕМЬЕРІ ЖӘНЕ ЭКОНОМИКАЛЫҚ МҮДДЕ

Баварияның премьер-министрі Маркус Зёдермен кездесуде Тоқаев Мюнхендегі бағдарламаны бір күн бұрын Берлинде өткен келіссөздермен тікелей байланыстырды. Президент уағдаластықтарды нақты нәтижеге айналдыру ниетін білдіріп, бұл жұмыста Баварияның негізгі серіктестердің бірі екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Маркус Зёдер

Таңдаудың себебі түсінікті. Өңірлік статистика басқармасының алдын ала бағалауынша, 2025 жылы Баварияның жалпы ішкі өнімі 824,2 млрд еуроға жеткен. Бұл көрсеткіштің артында қуатты өнеркәсіптік орта, инженерлік мектептер, ғылыми-зерттеу ұйымдары, құрал-жабдық өндірушілер мен жеткізушілер желісі тұр. Қазақстан үшін білім мен өндірісті бір арнаға тоғыстыра алатын осындай қабілет маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Маркус Зёдер

Бірақ Баварияның өзі де жаңа даму мүмкіндіктерін іздеп отыр. 2025 жылы оның нақты экономикалық өсімі небәрі 0,5% болды. Кездесу барысында Зёдер жаңа өсім нүктелерін іздеу және Қазақстанмен ынтымақтастыққа қызығушылық танытты. Сондықтан мен айтылып жатқан әңгімені әрқайсысының өз практикалық міндеті бар екі тараптың диалогы ретінде қабылдадым. Қазақстанға заманауи өндіріс, технология және құзырет қажет. Ал Бавария бизнесіне нарықтар, ресурстар және сенімді серіктестер қызық. Тоқаев осы мүдделерді Қазақстан өндірістік тізбектерде анағұрлым маңызды орын алатындай етіп ұштастыруды ұсынып отыр.

Көлік қатынасын талқылау да осы логикаға сай болды. Тікелей іскерлік байланыстар тұрақты түрде кездесіп тұруды, құрал-жабдық жеткізуді, кәсіпорындарға қызмет көрсетуді қажет етеді. Дипломатиялық уағдаластық оның артынан нақты жұмыс істейтін ынтымақтастық инфрақұрылымы пайда болғанда ғана экономикалық артықшылыққа айналады.

БАВАРИЯ ПАРЛАМЕНТІ ЖӘНЕ ҰЗАҚ МЕРЗІМДІ БАЙЛАНЫСТАР

Келесі маңызды кездесу – Бавария ландтагының төрайымы Ильзе Айгнермен жүздесу  болды. Өнеркәсіптік компаниялармен келіссөздер аясында парламенттегі кездесулер бағдарламаның нақты іске бағытталған бөлігінен алшақтау көрінуі мүмкін еді. Бірақ мен мұны жалпы жұмыстың маңызды жалғасы деп қабылдадым.

Қасым-Жомарт Тоқаев,  Ильзе Айгнер және Бавария ландтагының өкілдері

Ұзақ мерзімді серіктестік әртүрлі институттар арасындағы байланыстарды қажет етеді. Үкіметпен, парламентпен және іскерлік ортамен орнатылған байланыстар ынтымақтастыққа кеңірек негіз қалыптастырады. Әсіресе, халықаралық жағдай ірі өнеркәсіптік жобалардың өзін ақтау мерзімінен де жылдам өзгеріп жатқан кезде мұның маңызы арта түседі.

Тоқаев Германияның Қазақстан үшін айрықша маңызын және оның Еуропадан тыс жерлердегі ықпалын атап өтті. Ал Айгнер Баварияның сауда-экономикалық, көлік және инвестициялық байланыстарды дамытуға қызығушылығын білдірді. Сондай-ақ парламентаралық және мәдени-гуманитарлық байланыстар талқыланды.

Бавария ландтагы

Нью-Йорк пен Киевтен кейін мен мұндай кездесулерге ерекше назар аудардым. Серіктестік туралы сөздердің ар жағынан Қазақстанның күрделі әлемде қаншалықты кең ауқымды сұхбаттасушылары мен мүмкіндіктері бар деген мәселені көрдім. Қуатты дипломатия бұл ауқымды кеңейтеді. Ал онымен бірге дербес шешім қабылдауға мүмкіндік беретін кеңістік те ұлғаяды.

Сондықтан Тоқаевтың бұл бағдарламаға жеке қатысуы маңызды. Президент Қазақстанды өз күн тәртібі бар, не ұсына алатынын және ынтымақтастықтан не күтетінін анық түсінетін ел ретінде жүйелі түрде таныстырып келеді.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӨНДІРІСТІК МҮМКІНДІГІҢ КЕҢЕЙТУ

Siemens, Linde және Aurubis компанияларымен кездесулердің бәрін бір мақсат біріктірді: Қазақстанның өндірістік мүмкіндіктерін дамыту. Әңгімеге негіз болатын экономикалық алғышарт бар. Ұлттық статистика бюросы жариялаған 2025 жылдың жедел қорытындысына сәйкес, Қазақстан экономикасы 6,5%-ға өскен, өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 6,4%, көлік және қоймалау саласында 20,4% болды.

Бұл көрсеткіштер жаңғырту үдерісі аяқталды дегенді білдірмейді. Бірақ экономиканың қозғалыста екенін көрсетеді. Ал оның келесі даму кезеңі технологиялардың сапасы мен еңбек өнімділігіне барған сайын көбірек байланысты бола түспек.

Siemens өкілімен кездесуде Тоқаев өндірістік, инженерлік және сервистік қуаттарды Қазақстанда құруға қызығушылық білдірді. Президент Siemens пен Silk Road Electronics компанияларының Qarmet жабдықтарын жаңғырту жөніндегі бірлескен жобасын құптады.

Бұл жерде маңызды бір жайт бар. Жабдық сатып алу белгілі бір кәсіпорынның мәселесін шешеді. Ал инженерлік құзыреттілік пен жергілікті сервисті дамыту технологияны игеруге, оған өз күшімізбен қызмет көрсетуге және қазақстандық жеткізушілерді жұмысқа тартуға мүмкіндік береді. Инвестицияның ұзақ мерзімді әсері осындай жолмен күшейе алады.

Технологиялық шешімдер бұдан да кең ауқымда талқыланды: электр желілерін жаңғырту, өндірісті цифрландыру және автоматтандыру, сумен жабдықтау, деректерді өңдеу орталықтарының инфрақұрылымы. Қазақстан үшін бұл бағыттардың маңызы өте нақты – жүйелердің сенімділігін арттыру, өндірістік процестерді дәлірек басқару және ресурстарды тиімді пайдалану. Siemens-пен ынтымақтастықтың нәтижесін кәсіпорындар мен тұрғындар дәл осындай өзгерістерден сезіне алады.

Теміртау мәселесі Linde компаниясымен келіссөздерде де көтерілді. Ақорданың хабарлауынша, компания инвестиция көлемі 500 млн долларға дейін жетуі мүмкін жаңа жобаларды қарастырып жатыр. Сонымен қатар Qarmet-пен ауа бөлу қондырғысын салу жөніндегі келісімге қол қойылғаны атап өтілді. Бұл 500 млн доллар – болашақ инвестициялардың ықтимал көлемі. Ал нақты нысан бойынша қол қойылған келісімнің мәртебесі бөлек және аталған әлеуеттің барлығы іске асырылып қойғанын білдірмейді. Дегенмен бұл келіссөздердің қаншалықты нақты сипат алғанын көрсетеді. Өнеркәсіптік газдар металлургияға қажет. Ал қондырғының техникалық атауының ар жағында ірі өндірістің инфрақұрылымы тұр.

Aurubis компаниясымен мыс құрамды шикізатты терең өңдеу, ілеспе металдарды алу, металл сынықтары мен техногендік минералдық түзілімдерді қайта өңдеу мәселелері талқыланды. Негізгі назар «Тау-Кен Самұрықпен» өзара іс-қимылға және бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу мүмкіндігіне аударылды.

Қазақстан үшін бұл – өз ресурстарының қандай бөлігінің құнын ел ішінде қалыптастыра алатынымыз туралы мәселе. Шикізатты кейінгі сатыларда өңдеу білім мен күрделі жабдықты қажет етеді. Бірақ дәл осы кезеңдер біліктілігі жоғары жұмыс орындарын ашуға және жергілікті өнеркәсіпті дамытуға мүмкіндік береді.

Бавария ландтагы

Мен мұнда Тоқаевтың бірізді жұмысын көрдім: ол технологиялық дамуға деген сұранысты компания басшыларымен тікелей диалог деңгейіне көтеріп отыр. Бизнес үшін мемлекет басшысының жобаларға жеке көңіл бөлуі олардың басымдығының маңызды белгісі болуы мүмкін. Ендігі жерде бұл белгі нақты әрі түсінікті жағдайлармен және уағдаластықтардың орындалуымен бекітілуі керек.

Осылайша дипломатиялық ықпал экономикалық мәнге ие болады. Ол инвестиция, технология және болашақ өндірістерге қатысты шешім қабылдайтын адамдарды келіссөз үстеліне жинауға мүмкіндік береді.

ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ФОРУМ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН ДАМУЫНЫҢ КЕЛЕСІ КЕЗЕҢІ

Қазақстан-Бавария технологиялық форумы жеке-жеке жүргізілген келіссөздерді бір ортақ бағдарламаға біріктірді. Тоқаев оның мәнін: «Бавария технологияларын пайдаланып, неміс сапасымен Қазақстанда өндірілген» деген формуламен жеткізді. Меніңше, Мюнхен сапарының негізгі амбициясы осы сөздің өзінде жатыр. Қазақстан дайын өнім жасауға көбірек қатысып, серіктестерімен бірге жаңа нарықтарға шығуға ұмтылады. Бұл шикізат экспортын кеңейтуден әлдеқайда күрделі міндет және экономикалық саясаттың басқа сапасын талап етеді.

Қазақстан-Бавария технологиялық форумы

Бұл серіктестіктің шикізаттық бөлігі де стратегиялық маңызға ие. Форумда Тоқаев Қазақстанның мыс, титан, алюминий, бериллий, тантал және ниобийді ұзақ мерзімді негізде жеткізуге дайын екенін айтты. Бұл – аса маңызды материалдардың тізімі. Олардың барлығын бірдей сирек жер металдарына жатқызуға болмайды.

Сирек жер металдары тақырыбын мен осы серіктестіктің анағұрлым кең логикасының бір бөлігі ретінде қарастырамын: Қазақстан үшін өз жер қойнауына деген қызығушылықты геологиялық барлау, өндіру және терең өңдеу технологияларына қолжетімділікпен ұштастыру маңызды. Біз үшін кен орнынан бастап дайын өнімге дейінгі бүкіл тізбек принципті мәнге ие. Күрделі технологиялық шешімдерді игере алу қабілеті елдің ресурстық әлеуеті тұрақты өнеркәсіптік артықшылыққа қаншалықты айналатынын анықтайды.

Микроэлектроника мәселесінің қойылуы да ерекше назар аударуға тұрарлық. Президент нақты әрі шынайы бастау нүктесін атады: күштік электроника, датчиктер, өлшеу жүйелері, күрделі автоматтандыру – энергетикаға, металлургияға, тау-кен саласына және көлікке тікелей қажет шешімдер. Ол үшін Bavarian Chips Alliance қатысатын арнайы серіктестік бағдарламасы ұсынылды.

Маған бұл жерде мәселенің шынайы мүмкіндіктерге негізделгені маңызды. Технологиялық саясат кімнің оның нәтижелерін пайдаланатыны анық болғанда ғана сенімді көрінеді. Қазақстанда мұндай шешімдерге мұқтаж кәсіпорындар бар. Олардың сұранысы жаңа құзыреттерді біртіндеп игеруге негіз бола алады. Бағдарламаны әлі де пысықтау қажет. Бірақ оның бағыты нақты айқындалды.

Осы күн тәртібін жалғастыра отырып, Транскаспий бағыты бойындағы өнеркәсіптік және логистикалық хабтар мәселесі де талқыланды. Жаңа өндірістер үшін нарықтарға шығу қажет. Сондықтан көлік байланысы мен өнеркәсіпті жаңғырту бұл жерде бір міндеттің өзара байланысты бөліктері болып отыр.

Баварияның дуальды білім беру тәжірибесіне назар аудару да маңызды болды. Заманауи жабдық білікті мамандарды қажет етеді. Егер оқу ірі инвестициялық жобалардың бір бөлігіне айналса, технологиялық серіктестік қазақстандық мамандар үшін кәсіби дамуға мүмкіндік береді.

Баварияның экономика министрі Хуберт Айвангермен жеке кездесуде тікелей іскерлік байланыстар, технология, өнеркәсіп және энергетика мәселелері талқыланды. Ал Тоқаевтың Алматыда Бавария экономикасының өкілдігін ашу туралы ұсынысы ынтымақтастыққа тұрақты жұмыс форматын қалыптастыруға мүмкіндік беруі мүмкін. Әзірге бұл – ұсыныс. Бірақ оның мәні түсінікті: байланыс сапар аяқталғаннан кейін де жалғасуы керек.

Бавария ландтагы

Берлиннен түнгі сапармен шыққан кезіміз ойға орала берді. Команданың шаршағаны анық еді. Бірақ шабыт сарқылған жоқ: біз Қазақстанның әлемге өз дамуына қатысты ауқымды талап қойып келе жатқанын көрдік.

Украина мен Нью-Йорктен кейін мен үшін елдің мүмкіндіктерін өздігінен берілген нәрсе деп қабылдауға болмайтыны айқындала түсті. Оларды келіссөз, сенім және өз мүддеңді табанды түрде ілгерілету арқылы қалыптастыруға тура келеді. Бұл әлемде дипломатия қауіпсіздікке ықпал етеді, бизнес капиталдың қозғалысын айқындайды, ал технология мемлекеттің болашақтағы салмағын сан тараптан анықтайды.

Мюнхенде мен Тоқаевтың осы міндеттердің барлығын өзара байланыстырып отырғанын көрдім. Оның дипломатиялық тәжірибесі серіктестер тартуға жұмыс істеп, саяси диалог нақты өнеркәсіптік жобалармен жалғасып жатыр.

Меніңше, қазіргі кезде болып жатқан маңызды өзгерістердің бірі де осы: Қазақстан күрделі өнімдерді көбірек өндіріп, білім мен кірістің басым бөлігін өз экономикасының ішінде қалдыруға ниетті ел ретінде өз ұстанымын барған сайын сенімді түрде білдіріп келеді. Бұл серпілістің ауқымын жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар, даярланған инженерлер мен орындалған инвестициялық міндеттемелер түпкілікті көрсетпек. Бірақ оның бағыты қазірдің өзінде байқалады.

Берлин саяси шарттарды анықтап берді. Ал Мюнхенде Қазақстанның сол шарттарды неге айналдырғысы келетіні әлдеқайда айқын көрінді.

Нұрлыбек Нәлібаев, Ерсайын Нағаспаев, Айдарбек Сапаров

Бұл сапарда президенттің жанында премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді және Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Әсел Жанасова болды.

Мұхтар Тілеуберді

Делегация құрамында сондай-ақ «Атамекен» ҰКП президиумының төрағасы Қанат Шарлапаев, «Самұрық-Қазына» басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, «Бәйтерек» холдингінің басшысы Рустам Қарағойшин, «Тау-Кен Самұрық» басшысы Нариман Әбсәметов, «Қазақстан темір жолы» басқарма төрағасы Елжас Отыншиев және кәсіпкер Андрей Лаврентьев болды.

Ендігі шаруа – осы топтың жауапкершілігі. Президент стратегиялық бағытты айқындады, жоғары деңгейде келіссөздер жүргізді және нақты жобаларды іске асыруға мүмкіндік ашты. Әрі қарайғы жұмыстың нәтижесі осы команданың жауапкершілігіне байланысты: шарттарды келісу, қаржыландыруды қамтамасыз ету, жұмысты ұйымдастыру және уағдаластықтарды нақты нәтижеге жеткізу.

Мюнхен

Бұл іске олар адал әрі барынша мұқият қарайды деп үміттенгім келеді. Әр жобаға жауапты адамдар, нақты мерзімдер және өлшенетін нәтиже қажет. Сонда президенттік дипломатияның жоғары қарқыны ел ішіндегі осындай жүйелі жұмыспен жалғасып, Германияда ашылған мүмкіндіктер Қазақстандағы нақты өзгерістерге айналады.

Мюнхен, 2026 жылдың 30 қыркүйегі.