Ұлт байлығы кімге қызмет етті? Жақыповтың күмәнді табысы мен мансабы

Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанның ұлттық байлығын басқаруға жауапты екі ірі құрылымның басшылары ҰҚК тергеушілерінің қолына түскені туралы хабар елді дүр сілкіндірді. «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басшыларының тергеу изоляторына қамалуы елімізде бұрын-соңды болмаған оқиға. ҰҚК екі адамды ұстаумен шектелмейтін сияқты.

Ulysmedia.kz «Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыповтың өмірбаянын зерделеп, оның неліктен ұсталғанына қатысты қандай да бір дерек немесе ишара бар-жоғын анықтауға тырысты.

«Самұрық» басшысыз қалғанын байқамағандай

«Самұрық-Қазына» басшысы ұсталғаны ресми расталғанға дейін тараған бейресми ақпаратқа сену қиын еді. Ұлттық компанияның кеңсесіне барғанымызда, әлеуметтік желіде тараған, ішінде доллары бар шабадан бейнеленген кадрлар да қисынсыз сюжет секілді көрінді. Бірнеше жыл бұрын ғана салынған зәулім ғимараттағы тіршілік қалыпты арнасымен жалғасып жатты.

Фото: Ulysmedia.kz

Ғимараттың кіреберісінде бірнеше жігіт робот жөндеп отыр. Бәлкім, ол елдегі инновациялық жетістіктердің символы болса керек.

Фото: Ulysmedia.kz

Биік өкшелі аяқ киім киген қыздар кофеханаға қарай өтті. Біреулер түскі ас салынған қораптар мен пиццаларын көтеріп, лифтіге беттеп барады. Түскі асқа әлі бірнеше сағат бар еді. Алайда кеңсе қызметкерлері жұмыс кестесін үнемі қатаң сақтай бермейтіні белгілі.

Фото: Ulysmedia.kz

Көшеге шыққанда жасанды лимон ағаштарын алып келе жатқан курьерді көзіміз шалды. Қысқасы, кеңседе бәрі әдеттегідей. Басшыларының ұсталғанын қоластындағылар мүлдем естімегендей.

Фото: Ulysmedia.kz

Ұлттық компанияның осындай мамыражай тіршілігін бақылап тұрып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы ақпанда айтқан сөздері еріксіз еске түсті.

– Ұлттық компаниялар мен «Самұрық-Қазына» қорының басшыларымен маңызды әңгімелер өткіздім. Артық басқарушы кадрларға, яғни «сол жағалаудағы» адамдарға толып кеткен компаниялардың құрылымын заман талабына сай түбегейлі қайта қарау қажет. Олардың жұмысы жоқ, кейде бос сенделіп жүреді. Содан болар, интернетте уақыт өткізіп, күмәнді пікірталастарға да араласады. Мұның соңы жақсылыққа апармайды, – деп ескерткен еді президент.

Осыдан кейін Нұрлан Жақыповтың өзі журналистерге басқарушы және әкімшілік қызметкерлердің 10 пайызы қысқартылғанын айтқан болатын. Бұл шешім қызметкерлерге қаншалықты ауыр тигенін білмейміз. Алайда олардың кафеде отырып, бейғам жүріп-тұруға әлі де уақыты көп тәрізді. Тек компанияның бірінші басшысының ұсталғаны туралы әңгімеге келгенде, пікір білдіруден қашқақтайды.

Кеңсе өз тіршілігін жалғастырып жатыр. Қарапайым қызметкерлер компанияның бірінші басшысын жылдап көрмеуі де мүмкін. Оған ешкім таңғалмайтын сияқты. Күзетшілер де орындарында алаңсыз отыр. Ал ғимараттағы сансыз экраннан елдегі ең ірі ұлттық компанияның басшысы Нұрлан Жақыповты көруге болады. Бір экранда президенттің жолдауын тыңдап отырса, екіншісінде «Самұрық-Қазына» спартакиадасына қатысушыларды құттықтап тұр. Үшіншісінде жиын өткізіп жатыр.

Экрандардың жанында қор құрамындағы компаниялардың табысы қалай өскенін көрсететін инфографикалар мен олардың халыққа тигізіп жатқан пайдасы туралы хабарламалар орналасқан.

ҰҚК «Самұрық-Қазына» қорының басшысына қатысты тергеу басталғанын ресми растағаннан кейін де ұлттық компания кеңсесінің кіреберісіндегі жағдай өзгерген жоқ.

– Иә, жаңалықты оқыдық, – деп өткізу бекетіндегілер қысқа қайырды.

Ұлт байлығына дейінгі жол

Нұрлан Жақыповтың ресми өмірбаянына қарасаңыз, жемқорлыққа бейім адамның келбетін көру қиын. Ол 1978 жылғы 31 наурызда дүниеге келген. Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын (МГИМО) бітірген. Еңбек жолының басым бөлігін халықаралық қаржы ұйымдары мен инвестициялық банктерде өткізген.

Еуразиялық өнеркәсіп қауымдастығында жұмыс істеп, Замбиядағы ірі компаниялардың бірінде қызмет атқарған. Одан кейін Credit Suisse банкінде еңбек еткен. Кейін Нұрлан Жақыпов активтерді басқару саласына қайта оралып, «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясының басқарушы директоры әрі басқарма мүшесі болды.

2011 жылы банк саласына ауысты. Алдымен Астанадағы Royal Bank of Scotland өкілдігін басқарды. 2012-2016 жылдары UBS банкінің Қазақстандағы өкілдігіне жетекшілік етті. 2016 жылы «Қазатомөнеркәсіптің» даму және инвестициялар жөніндегі басқарушы директоры болып тағайындалса, 2017 жылы «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын басқарды.

2019 жылы Қазақстанда Rothschild & Co халықаралық инвестициялық банкінің атынан жұмыс істеді. 2020 жылы Kazakhstan Investment Development Fund (KIDF) басқарушы компаниясының басшысы болды. Бұл қызметті 2023 жылғы сәуірде «Самұрық-Қазына» қорына жетекшілік етуге тағайындалғанға дейін атқарды.

Мемлекеттік ресурстың арқасында миллиардер атанды ма?

Ұсталған ұлттық компания басшысы осы жылдар ішінде тек жалақыға күн көрмеген. 2025 жылдың соңында жарияланған салық декларациясына сәйкес, Нұрлан Жақыпов үш жылда 805,98 млн теңге табыс тапқан.

Ұлттық компания басшысының мұндай қомақты қаржыны нақты қайдан тапқаны белгісіз. Бірақ бұл қаражаттың жалақыдан құралмағаны анық.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қаулысына сәйкес, саяси қызметшілер мен ұлттық компаниялардың топ-менеджерлері декларацияда инвестициялық немесе өзге де қызметтен түскен табысын ғана өздері көрсетеді. Ал жалақысы мен сыйақысы тексерушілерге онсыз да белгілі болғандықтан, оны қарапайым азаматтардың білуі міндетті емес.

Тағы бір назар аударарлық жайт: Жақыпов көрсеткен табыстың жартысынан астамы 2022 жылы, яғни «Самұрық-Қазына» басшысы болып тағайындалмай тұрып түскен. Кейінгі екі жылда декларацияланған кірісі едәуір азайған. Соған қарамастан, үш жылдағы жалпы табысының көлемі квазимемлекеттік сектор басшыларына төленетін сыйақы жүйесінің қаншалықты ашық екеніне қатысты сұрақ туғызды.

2026 жылғы 14 қаңтарда Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Жақыповтың табысына көпшіліктің назарын аударды. Оның пікірінше, жеке кәсіпкерлікпен айналысатын адам үшін үш жылда 806 млн теңге табу түсінікті жағдай болуы мүмкін. Ал мемлекеттік активтерді басқаратын құрылымның басшысы үшін мұндай соманың сұрақ туғызуы заңды.

Перуашев «Ақ жол» фракциясы квазимемлекеттік құрылымдардың бюджетін кеңейтілген республикалық бюджетке енгізуді бірнеше рет ұсынғанын еске салды. Бұл парламентке есептермен танысып қана қоймай, мемлекеттік активтердің жұмсалуына нақты бақылау жүргізуге мүмкіндік берер еді.

Депутаттың сынына сол кезде ешкім жауап берген жоқ. Ал «Самұрық-Қазына» жұмысына қатысты сауалдар көбейе берді.

Әл-ауқат қоры ма, әлде таңдаулылар клубы ма?

2025 жылғы маусымда Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов қор мен оның еншілес ұйымдарына тәуелсіз сыртқы аудит жүргізуді талап етті. Оның пікірінше, экономикалық өсімге серпін беруі тиіс «Самұрық-Қазына» барған сайын бәсекеге қабілетті экономиканың дамуына кедергі келтіретін құрылымға айналып барады.

Депутаттың басты уәждерінің бірі мемлекеттік сатып алуға қатысты болды. Ол Мемлекеттік сатып алу базасындағы деректерге сүйеніп, 2024 жылы қор тобының сатып алуларының 60 пайыздан астамы бір көзден жүргізілгенін айтты. Жұбанов мұндай тәжірибе жемқорлық тәуекелдерін арттырып, монополиялардың қалыптасуына жол ашатынын ескертті.

– Басқару мен сатып алу жүйесіндегі түйткілдер жойылмаса, қор экономикалық дамуға серпін беретін күш емес, керісінше, оның жолын бөгейтін құрылым болып қала береді, – деді депутат.

Бір қызығы, қордың сатып алу саясатына қатысты сын тек депутаттар тарапынан айтылған жоқ. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі де бір көзден сатып алу үлесінің артқанын тіркеген. 2021 жылы бұл көрсеткіш 14 пайыз болса, 2024 жылы 66 пайызға жеткен. Ал жалпы мемлекеттік секторда керісінше, осы кезеңде 39 пайыздан 23 пайызға дейін төмендеген.

Тексерушілер қор жұмысынан бұдан өзге де кемшіліктерді анықтады. 2025 жылғы қарашада Жоғары аудиторлық палата «Самұрық-Қазына» мен оның бірқатар еншілес ұйымына жүргізілген тексеру нәтижесін жариялады. Аудит 18 заңды тұлғаның қызметін қамтыды. Қордың басқару жүйесі сырт көзге көрінетін мінсіз есептіліктен әлдеқайда алшақ болып шықты.

Атап айтқанда, аудиторлар:

  • 351,8 млн теңгенің қаржылық заңбұзушылығын;
  • 122,2 млрд теңгенің қаражатын жоспарлау мен пайдаланудағы тиімсіздікті;
  • 119 жүйелі кемшілікті анықтады.

Инвестициялық жобалардың жай-күйі де көңіл көншітпейді. Қор тобы 2020 жылдан 2024 жылғы 30 қыркүйекке дейін іске асыруға кіріскен 175 жобаның тек 49-ы ғана аяқталған.

Бұған қоса, холдинг құрамында жұмыс істемейтін 23 компания бары анықталды. Тағы 41 компания 2024 жылдың қорытындысы бойынша шығынға батқан. Жалпы, қор тобына басқарудың алты деңгейіне бөлінген 326 компания кірген.

Аудиторлар корпоративтік басқару жүйесінен де бірқатар олқылық тапты. Қордың директорлар кеңесі жанындағы бес комитеттің үшеуі жұмыс істемеген. Ал басқарма жанындағы жеті комитеттің екеуі 2024 жылдан бері қызмет атқармаған.

Сонда қордың шоғырландырылған таза пайдасы 2,4 трлн теңгеге жеткені туралы қомақты көрсеткіштің тасасында мемлекеттік активтерді басқаруға қатысты осындай күрделі мәселелер жасырынғаны ма?

Жақыпов сынаушылармен келіспеген

Қор басшысы депутаттармен де, аудиторлармен де бірнеше рет пікір таластырған. Ол қордың басты міндеті активтердің құнын арттыру екенін, ал мемлекеттік органдар ең алдымен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағдарланғанын түсіндірген. Ұлттық компанияларды тікелей министрліктердің қарамағына беру мүдделер қақтығысына әкеліп, басқару тиімділігін төмендетуі мүмкін деген уәж айтқан.

Жақыпов өз сөзін қаржылық көрсеткіштермен де негіздеді. Оның мәлімдеуінше, соңғы төрт жылда активтердің орташа жылдық өсімі 11 пайызды, таза пайданың өсімі 13 пайызды, ал кірістің өсімі 12 пайызды құраған.

Алайда 2026 жылғы қарашада қор жұмысының тиімділігіне қатысты мәселе тағы да жоғары деңгейде көтерілді.

4 қарашада премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» директорлар кеңесінің отырысын өткізді. Қордың ресми хабарламасына сәйкес, Үкімет басшысы инвестициялық жобаларды уақытында жүзеге асырып, құрылыс жұмыстары мен нысандарды пайдалануға беру мерзімдерінің сақталуын қатаң бақылауды тапсырған.

Ол кезде жалпы құны 43,8 трлн теңге болатын 69 ірі жоба жүзеге асырылып жатқан. Оның 44-інде құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатса, қалғандары іске асырудың әртүрлі кезеңінде болған.

Жақыпов сол жиында негізгі өндірістік көрсеткіштер бойынша жоспардың орындалғанын мәлімдеген. Алайда ұлттық компаниялардың топ-менеджерлері үшін өндірістік көрсеткіштер бәрін шешпейтіні анық болды...

Ұлттық компания басшысы қандай іске байланысты ұсталды?

«Самұрық-Қазына» басшысы ретінде Нұрлан Жақыпов қор тобына кіретін ең ірі компаниялардың директорлар кеңестерінде де жетекшілік қызметтер атқарған.

Атап айтқанда, 2024 жылғы ақпаннан бастап Air Astana директорлар кеңесінің құрамында болды. 2025 жылғы сәуірден KEGOC директорлар кеңесін басқарса, сол жылдың мамырында «ҚазМұнайГаз» директорлар кеңесінің төрағасы атанды.

Осылайша, бір адамның қолына ұлттық экономиканың бірнеше маңызды саласына: мұнай-газ, энергетика, көлік және авиацияға қатысты компаниялардың басқару тетіктері шоғырланды.

ҰҚК Жақыповпен бірге «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшысы Елжас Орыншиевтің де ұсталғанын хабарлады. Осыған қарап, Жақыповқа көлік пен логистикаға қатысты жобалар бойынша айып тағылуы мүмкін деген болжам жасауға болады.

Дегенмен Орыншиевтің «Қазақстан темір жолы» басшылығына тағайындалғанына көп болмағанын да ескерген жөн. Ал Жақыповпен ол бұған дейін ұзақ уақыт бірге жұмыс істеген. Екі топ-менеджердің өмірбаянына көз жүгіртсек, олардың жолы 2009 жылы «Тау-Кен Самұрық» компаниясында түйіскен. Ол кезде Жақыпов басқарушы директор болса, Орыншиев әуелі менеджер, кейін инвестициялық жобалар департаментінің директоры қызметін атқарған.

Жақыпов жеке секторға кеткеннен кейін екеуі тек 2019 жылы қайта кездескен. Нұрлан Жақыпов Kazakhstan Investment Development Fund (KIDF) басқарма төрағасы болып тағайындалса, Орыншиев қатардағы аға сарапшы қызметінен бірден басқарма төрағасының орынбасары лауазымына дейін көтерілген. Одан кейінгі мансап жолдары да қатар өрбіген. Тек Жақыпов қызметтік сатыда бірнеше баспалдақ жоғары тұрған.

ҰҚК бұл екі топ-менеджерге көпжылдық таныстығынан бөлек, нақты қандай айып тағып отыр? Долларға толы шабадан кімге тиесілі болған? Оның иесі осындай қомақты сыйақыны не үшін алған?

Әзірге ҰҚК тергеу ісінің егжей-тегжейін жариялаған жоқ. Алайда бұл оқиға Қазақстан тарихындағы ең шулы әрі қоғамды дүр сілкіндіретін істердің біріне айналуы әбден мүмкін. Өйткені басты мәселе шабаданда қанша ақша болғанында ғана емес. Ең маңыздысы –  ұсталған басшылар үшін ұлттың әл-ауқатын арттыру қай уақыттан бері басты міндет болудан қалғаны.

P.S. Материал жариялауға дайындалып жатқанда қордың баспасөз қызметі редакцияға ресми мәлімдеме жолдады:

«Қазіргі уақытта уәкілетті органдар тиісті тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр. Қор Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында құқық қорғау органдарымен жан-жақты ынтымақтастық орнатып, олардың сұратқан ақпараты мен материалдарын ұсыну арқылы тергеу жұмыстарына қажетті қолдау көрсетіп отыр».

Ulysmedia.kz оқиғаның әрі қарай қалай өрбитінін жіті қадағалайтын болады.

Сізге қызық болуы мүмкін