Қазақстанның Даму банкі Машкевичтің қолын қақпайды: ERG тағы да пайызы төмен несие сұрады

Ulysmedia

Қазақстанның Даму Банкі (ҚДБ) Қазақстан электролиз зауытын (ҚЭЗ) қаржыландыруды мақұлдады. Компания Ақтөбе облысында қуаты 150 МВт болатын (Хромтау-1) жел электр станциясын (ЖЭС) салмақшы. Толығырақ Ulysmedia.kz материалында.

ulysmedia

Ақша сұраған қайсысы?

Несие сомасы және жобаны қаржыландырудың басқа шарттары туралы ақпарат айтылмайды, банк тек Eurasian Resources Group (ERG) құрамына кіретін Қазақстан электролиз зауытының иелері Александр Машкевич (20,72%), Патох Шодиев (18,57%), Мұқадасхан Ибрагимова (марқұм Әлиджан Ибрагимовтың жұбайы) (20,71%) екенін айтып өткен. Зауыттағы Қазақстан үкіметінің үлесі 40 пайызды құрайды.

Дәл осындай қожайындары бар тағы бір жеке компания – «Хромтау WPP Ltd» ЖШС өткен жылы Қазақстан Даму банкіне Ақтөбе облысының Хромтау ауданында қуаттылығы 155 МВт жел электр станциясының құрылысын қаржыландыруға өтінім берген.

Алайда банк кейін қарыз алушы компанияның жобасын қайта қарап, бірнеше сұраққа жауап іздестірді. Оның ішіндегі бастысы: ақшаның қанша бөлігін Банк береді, қаншасын ERG салады деген сұрақ болатын.

Уәде мерзімін ұзарту

ERG 2021 жылғы есебінде Хромтау облысында қуаты 155 МВт-қа дейінгі және жалпы құны 110 миллиард теңгені құрайтын жел электр станциясының құрылысын 2022 жылы бастайтынын хабарлады. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі 2021 жылы дайындалды. Алайда, ERG-дің 2022 жылға арналған есебінен жел электр станцияларының құрылысы тек 2023 жылы басталады деген қорытынды шығады. Дегенмен, жел электр станциясын іске қосу жоспарлары өзгерген жоқ - бұл 2024 жылы болуы керек.

Жел электр станциясында өндірілетін энергия Хромтауға «Қазхром» корпорациясына (ERG құрамына кіреді) қарасты Донской тау-кен байыту комбинаты арқылы жеткізіледі. Сонымен қатар, ERG тағы 150 МВт жел электр станциясын салу арқылы «жасыл» қуаттылықты екі есеге арттыруды жоспарлаған.

– Біз баламалы көздерден, соның ішінде жел энергиясынан алынатын электр энергиясының үлесін кезең-кезеңімен ұлғайту бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Атап айтқанда, жаңартылатын энергия саласындағы жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда, оның біріншісі Хромтау ауданында қуаты 155 МВт-қа дейінгі жел электр станциясын салу жобасы (Хромтау-1) болады. Донской тау-кен байыту комбинатының кейіннен осы учаскедегі өндіру қуатын екі есе арттыруға мүмкіндігі бар, - делінген ERG-дің 2021 жылға арналған есебінде.

Желдің пайдасы және «жасыл» энергия

ERG жел мен күннен электр энергиясын өндіру мүмкіндіктерін бақылап, алдағы 5-10 жылда тиісті жобаларды жүзеге асыруды жоспарлады. ERG мұны қазіргі уақытта мақтанышпен айтылатын «жасыл технологиялар» үшін ғана жасап отырған жоқ. Өйткені Қазақстан 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің 15 пайыздық үлесіне қол жеткізуге өзіне міндеттеме алған. Осы тұрғыда ERG заңды талаптарға сәйкес, Жаңартылатын энергия көздерінен (ЖЭК-тен) электр энергиясының белгіленген мөлшерін сатып алады. Ал үшінші тұлғаларға төлем жасамау үшін топ өз станцияларын орнатуды жоспарлап қойған.

ERG 2022 жылғы есебінде жел электр станциялары салынуы мүмкін алты ықтимал орынды анықтағанын айтты. Қуаты 155 МВт жел электр станциясының өзіне (Хромтау-1) келетін болсақ, ERG жабдық жеткізушілер мен мердігерлерді таңдап қойған.

Соңғы жылдары шетелдік және отандық инвесторлар Қазақстанның электр энергиясы және қуат нарығы операторы (KOREM) алаңында өтетін  ЖЭК аукционында жеңіске жеткеннен кейін жел және күн электр станцияларының құрылысын бастайды.

Санай білсең, пайдаға кенелесің

Қатысушыларға 1 кВт/сағ электр энергиясының бастапқы бағасы ұсынылады. Сауда-саттыққа қатысушылар төмен баға ұсыну арқылы жеңіске жету үшін жарысады. Нәтижесінде ең арзан бағаға жел немесе күн электр станциясын салуды ұсынған компания жеңімпаз атанады.

Осыдан кейін жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі есеп айырысу-қаржы орталығы (2013 жылы «KEGOC» АҚ жанынан құрылған, тоғыз жылдан кейін Энергетика министрлігіне берілген) жеңімпаз компаниямен электр энергиясын сатып алу келісімшартына отырады.

Бастапқыда электр энергиясын сатып алу шарты 15 жылға жасалған. 2021 жылдан бастап келісімшарт мерзімі 20 жылға дейін ұзартылды.

Қазақстанда шетелдік компаниялармен іске қосылуы жоспарланған жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) ірі жобалары үшін электр энергиясын сатып алу келісімінің мерзімі 25 жылды құрайды, ал тарифтер шетел валютасымен есептеледі.

Атап айтқанда, Қазақстан-Франция үкіметаралық келісіміне сәйкес Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясы салынады. Оның 60 пайыз үлесі француздық Total Eren компаниясына, қалғаны теңдей «ҚазМұнайГаз» және «Самұрық-Қазынаға» тиесілі. Келісімшартқа сәйкес, тариф 1 кВт/сағ үшін 3,99 американ центін немесе ҚР Ұлттық банкінің ағымдағы бағамы бойынша 18,08 теңгені құрайды.

Салыстыру үшін, өткен жылы ЖЭК аукциондарында жел электр станцияларынан электр энергиясының тарифі 1 кВт/сағ үшін 10,38 теңгеден 13,49 теңгеге дейін, бастапқы бағасы 1 кВт/сағ үшін 22,68 теңгені құрағанын айта кетейік (ҚҚС-сыз).

Аукциондарда электр энергиясының тарифтері теңгемен бекітілген, бірақ олар жыл сайынғы индексацияға жатады: 70% - тұтыну бағаларының индексі (инфляция) және 30% - шетел валютасының айырбас бағамының өзгеруі үшін. Аукциондық мөлшерлемелер де жыл сайынғы индексацияға жатады.

Арзан несиенің пайдасы болмаса, зияны жоқ

Мәселенің бүге-шігесін толық баяндайық. Қазақстан электролиз зауыты өндірістік қуатты арттыру және айналым қаражатын толықтыру мақсатында күрделі салымдарды қаржыландыру үшін ҚДБ-ге кезекті несиелік өтінім берді. Ол өтінім ҚДБ-де банктік сараптама сатысында тұр. Бірақ Қазақстан электролиз зауыты ҚДБ-дан қанша ақша сұрап отырғаны айтылмаған.

Қазақстан электролиз зауытының Қазақстан Даму банкінен пайызы төмен несие сұрап, оны сәтті алуы бірінші рет емес. 2010 жылы Қазақстан электролиз зауыты Павлодар облысында қуаттылығы 250 мың тонна өнім шығаратын бастапқы алюминий зауытының құрылысына ҚДБ-дан 400 млн доллар несие алған. Ол кезде жобаның жалпы құны 1,018 млрд долларды құраған.