Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ-тың басшысы Сүйеніш Әбділдиннің үстінен іс қозғалуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Министр Қаржы мониторингі агенттігі қызметкерлері Азаматтарға арналған үкімет қызметкерлерінен расында да жауап алғанын растады.
«Сүйеніш Әбділдин жұмыста. Кеше жиналысқа қатысты. Агенттіктің қызметкерлері келіп, тиісті сұрақтарды қойды. Оған қатысты істің мән-жайын сол ведомстводан сұрай аласыздар. Сіздер сұрап жатқан мәселелер біздің министрліктің құзыретінде емес», - деді министр.
Мусин Әбділдинді білікті ұйымдастырушы, өз ісін жетік білетін басшы ретінде сипаттады.
"Ол өте іскер, білімді азамат, өзім тағайындағанмын", - дейді министр.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қаржы мониторингі агенттігі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ басшылығына қатысты қылмыстық іс қозғаған болатын.