Үкіметте Қытаймен шекарадағы өткізу бекеттері арқылы жүк көліктерінің өтуін жеделдету мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Министрлер кабинетінің дерегінше, бүгінгі таңда «Нұр Жолы» бақылау-өткізу бекетінде коммерциялық жүктерді өткізетін тасымалдаушылардан ұзын-сонар кезек түзілген. Атап айтқанда, бұған Қытайдың коронавирусқа байланысты қойған көлік шектеулерін алып тастауы тікелей әсер етіп, нәтижесінде арадағы жүк тасымалы ұлғайған.
Бұл кезек электронды түрде ҚР ҚМ «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ платформасында Qoldau.kz сайты арқылы жүргізіледі. Сонымен қатар әкімшілік кедергілерді қоса алғанда, бірқатар факторға байланысты өткізу бекеті толық күшін пайдаланып жатқан жоқ, тәулігіне 100-ден аспайтын жүк көлігіне қызмет көрсетіледі. Өз кезегінде бұл жабдықтар мен құрамдас бөлшектерге мұқтаж инвестициялық жобаларды іске асыруға кері әсер етеді және жалпы ел экономикасының дамуын тежейді.
Премьер-Министр үш күн мерзімде жасанды кедергілерді жою бойынша нормативтік өзгерістер дайындауды тапсырды, бұл шекарадағы орынсыз кедергілерді жедел жоюға және осылайша тәулігіне мыңға жуық автокөлікті өткізуге мүмкіндік береді.
«Бүгін-ертең осы кедергілердің барлығын алып тастау керек. Егер осы бекет арқылы мың машинаны өткізу қажет болса, оны қамтамасыз ету керек. Бизнес бізден көмек сұрап жатыр. Адамдардың жүктері бекетте тұр, олар шарасыз күйде», — деді Әлихан Смайылов.
Бұдан басқа уәкілетті органдарға осындай кезектің жинақталып қалуына жауаптылар туралы ақпарат ұсыну және шекара бекеттерінің өткізу қабілетін одан әрі арттыру жөніндегі шараларды пысықтау тапсырылды.