Астанада ереуілдеткен Жаңаөзен мұнайшыларына тағы бір компаниядан жұмыс ұсынылды

Ғалиасқар Думан

29 мамырда Жаңаөзен қаласында «Өзенмұнайгаз» АҚ мен «Мөлдір Мұнай Сервис» ЖШС-нің басшылығы «БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС бұрынғы қызметкерлерімен кезекті кездесу өткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

ҚМГ мәліметінше, кездесуде «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Н.Қилыбай «БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС-нің бұрынғы қызметкерлерін жұмыспен қамту үшін «Мөлдір Мұнай Сервис» ЖШС-не жұмысқа орналастыру туралы ұсынысын жеткізді.

“Жиын қатысушыларына «Өзенмұнайгаз» АҚ мен «Мөлдір Мұнай Сервис» ЖШС арасында «БерӘлі» компаниясының бұрынғы жұмысшыларының бұған дейін алып келген жалақы мөлшерін кепілді сақталуын көздейтін шарт ұсынылды. Сонымен қатар кездесуге келгендерге ұңғымаларды өнеркәсіптік жөндеу қызметін сатып алуға тендер 3 жыл мерзімге өткізілетіні айтылды”  делінген хабарламада.

«БерӘлі» компаниясының бұрынғы жұмысшылары ұсынылған шарттарды қарастыруға уақыт сұраған.

Еске салсақ, 10 сәуірде  Жаңаөзендегі «БерӘлі Маңғыстау Company» мекемесінің жұмыстан қысқарған 80-ге тарта жұмысшысы Астанаға келіп, Энергетика министрлігі ғимаратының алдына наразылық білдірді.

Олардың бәрі «Өзенмұнайгаз» компаниясынан жұмыс талап етті. Жұмыссыз қалған жаңаөзендіктер мәселеміз шешілмей министрлік алдынан кетпейміз деді. Олар таңды сол жерде атырды.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бастапқыда мұнайшылардың талабы айқын еместігін айтқан.

Ал премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов  жаңаөзендік жұмысшылардың тендерден ұтылған компанияның қайтадан ұтып шығуын талап етуі дұрыс еместігін мәлімдеді.

Кейіннен жұмысшылар «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басшылығы ұсынған жұмыс орындарынан бас тартқаны хабарланды.

11 сәуір күні кешке пикет ұйымдастырған Жаңаөзен мұнайшыларын қауіпсіздік қызметкерлері ұстап әкетті. Жерлестерінің ұсталғанын естіген бойда Жаңаөзенде жергілікті кәсіпорындардың қызметкерлері Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, Астанада ұсталған жұмысшыларды босатуды талап етті.

Көп ұзамай Жаңаөзен қаласының әкімі жиналғандарға бейнеөтініш жасап, мәселені түсіндірді, сабырлыққа шақырды.

12 сәуір күні таңертең жаңаөзендік мұнайшылар үйлеріне қайтып бара жатқандарын мәлімдеп, жерлестеріне алғыс айтты.

Бас прокуратураның дерегінше, Астанада Жаңаөзеннен келген 126 адам ұсталған. Олардың бесеуі “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу” бабы бойынша ескерту түрінде жаза тағайындалған.

Бұдан бұрын “ҚазМұнайГаз” басшысы жаңаөзендіктермен үш жылдық келісімшарт жасау мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеген.

Ал Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Астанада ереуілге шыққан мұнайшылар мәселесін шешу үшін арнайы мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатқанын айтты.