Мәжілістің жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунова министрліктердің жауапкершілікті өңірлерге ысыра салуға ұмтылысын сынға алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Өңірлік өзін-өзі қамтамасыз ету және ел азаматтарына тең жағдай мен мүмкіндіктерді қамтамасыз ету қабілеті әзірге іске асыру сатысында. Жергілікті бюджеттердің шығысын өз кірісімен жабу мүмкіндігі - 6,5-84 пайыз аралығында. Ал олардың даму деңгейі мен проблемаларының ауқымы да әртүрлі. Бұл ретте салық салынатын базаны кеңейтуге іс жүзінде ынталандыру жоқ. Қолданыстағы бюджетаралық қатынастар жүйесінің жетілмегені көрініп тұр. Бұның барлығы әлеуметтік жіктелу мен ішкі көші-қонның құбылуын күшейтіп, дамушы қалалардың инфрақұрылымына айтарлықтай ауыртпалық түсіреді», - деді Наталья Годунова.
Ол орталық мемлекеттік органдар өңірлердегі жетекшілік ететін бағыттар бойынша дұрыс жұмыс істемейтінін атап өтті.
«Министрліктердің жауапкершілікті өңірлерге ысыра салуға деген ұмтылысы анық көрінеді. Тек биылдың өзінде 2 трлн теңгеден астам қаражат жалпы сипаттағы трансферт базасына берілді. Ал 2022 жылы олардың орындалуы көп сұрақ туғызды. Енді олар Жоғары аудиторлық палатаның бақылауынан мүлдем тыс қалды. Бұл ретте таяудағы үш жылда субвенция көлемі 3 есе өспек», – деді палата төрағасы.
Айта кетейік, бұдан бұрын Годунова нәтиже бермейтін күмәнді жобаларға миллиардтаған қаржы бөлініп жатқанын айтқан еді.