Тоқаевтың 5 күн бұрын тағайындалған баспасөз хатшысы қызметінен кетті

Ғалиасқар Думан

Президенттің өткен аптада ғана тағайындалған баспасөз хатшысы Нұрмұхамед Байғараев қызметінен кетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ақорда

Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында мәлім етті.

“Кеше денсаулығыма қатысты оқыс жағдайдан соң (приступтар) дәрігерлерге тексерілуге мәжбүр болдым. Толық тексерістен кейін сырқаттың белгісі байқалды. Дәрігерлер ұзақмерзімді ем-домды бірден бастауды, оны тұрақты қабылдауды және бастысы – ұшақпен ұшуды белгілі бір уақытқа дейін тоқтатуды талап етті. Медициналық талап қазіргі қызметімді толыққанды атқаруға кедергісін келтіретіні белгілі. Себебі аймақтарға және шетелдерге іс-сапарлар тұрақты түрде болады. Бұл – жиі ұшақпен ұшу деген сөз. Шыны керек, мұндайды өзім де күтпедім. Жоспар басқаша еді. Өткен аптада кіріскен қызметіме біліміммен, біліктілігіммен дайын едім. Баспасөз қызметін жетілдіруге, одан әрі ашық етуге қатысты бірнеше идея, бастамаларым бар еді”, – деп жазды Байғараев.

Журналист президенттің баспасөз хатшысы қызметін тоқтататынын айтты.

“Басшылық жағдайды түсінді. Түсіністік танытқан барша азаматқа алғыс айтамын”, – деді ол.

Еске салайық, Нұрмұхамед Байғараев президенттің баспасөз хатшысы лауазымына 6 қыркүйекте тағайындалған.