«Менің айтқанымды бүкіл ел айтты емес пе»: Бишімбаев жайлы ролик шығарған блогер жазаланды

Аян Өрібай

Ислам Угушев атты блогер әлеуметтік желіге үндеу таратып, экс-министр Қуандық Бишімбаевке байланысты түсірілген видеодан кейін қудаланып жатқанын айтқан. Ulysmedia.kz порталы осы үндеуге байланысты ішкі істер министрлігіне хабарласқан. Жауап Астана қаласы полиция департаментінен келді.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Блогер не дейді?

– 2 сәуірде мен ролик жариялап, Қуандық Бишімбаев ең шулы сот процесі барысында ұялы телефонды пайдаланды деп болжам жасағанмын. Осы болжамымнан кейін мені ойға сыймайтын деңгейде, қатты қудалап жатыр. Абсурдқа дейін жетті: менің анамнан, инфаркт алып, әрең сөйлеп, әрең жүретін ағамнан жауап ала бастады. Полиция қызметкерлері үйімізге келіп, ұялы телефонға болған жайтты түсіре бастады. Ағама мен жайлы сұрақ қойды, – дейді Ислам Угушев.

Ролик жарияланған 2 сәуірден бастап блогерден бірнеше рет жауап алынған.

– Үйге келген орган қызметкерлерінің бәрі де оларға бұйрық жоғарыдан түскенін айтады. Астанадан! Соның бәрі Қуандық Бишімбаевта телефон болды деген болжамым үшін ғана! Менен бөлек, бүкіл елдің жартысы – 10 миллионнан астам адам да дәл солай ойлап қалғанына ешкім бас қатырғысы келмейді. 

Мені саналы түрде қысып жатыр. Елден қуылуым мүмкін екенін айтып, қорқытады. «Өзіңе көп аласың» дегенге келтіреді. Менің жамандығым – болжам жасағанымда ма? – дейді ол.

Блогер осыдан кейін 9 жыл бойы халыққа қызмет еткенін, іс-түссіз жоғалғандарды іздеп, аз қамтылғандарға көмектесіп, су тасқынынан зардап шеккендерге қол ұшын созғанын айтады. Гуманитарлық көмек жібергенін айтып, “мені сол үшін қудалай ма?” деп сұрақ қояды. 

– Әлде онлайн алаяқтарды ұстауға көмектескенім үшін бе? Онлайн алаяқтарға алданған қаншама зейнеткер бізге жүгінген. Соның бәрін біз істеп жатырмыз. Құқық қорғау органдарының назарын осыған аударғымыз-ақ келетін – аудармады. Балаларға қауіп төндірген «көк кит» ойынына шектеу қойғаным үшін қудалай ма? Полиция қызметкерлерімен жедел операцияларға шығатын қоғам өкілі, блогердің бірімін. ДЦП-мен ауыратын қарындасым бар. Мемлекет анықтамасы жоқ деп оған жәрдемақы бермейді. Біз оны шетелде емдеуге мәжбүрміз. Мені моральдық тұрғыда жаныштап тастады, – дейді ол.

Полицияның түсініктемесі

Астана қаласының полиция департаментінен осы іс бойынша қысқа жауап келді. Блогер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 

– Полиция қызметкерлері әлеуметтік желідегі парақшаның авторын анықтады. Ол өзінің жарияланымында сот процесі барысында сотталушы Қ.Бишімбаевтың ұялы телефонды пайдаланғанын хабарлаған. Ол жалған ақпарат жариялағаны үшін жауапқа тартылды, – делінген жауапта.

Әлеуметтік желідегі парақшасында Угушев өзіне 55 380 теңгелік және 18 460 теңгелік екі айыппұл салынғанын көрсетті.

Бишімбаевтың ісі

Еске сала кетейік, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау 11 наурызда басталды.  Прокурор экс-министр ісінің мән-жайын айтып берді.

Ал Бишімбаев тағылған айыпты мойындамай, ашық сот өткізуді сұрайды. Оған "қинау" (110-баптың 2-бөлігі) және "аса қатігездікпен адам өлтіру" (99-баптың 2-бөлігі) баптарымен айып тағылған. Бұған қоса, Астанадағы "Гастро-орталық" директоры, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша "қылмысты жасырды" деген күдікпен сотқа тартылып жатыр.

12 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау жалғасты. Бұл жолы да журналистер сот залына кіре алған жоқ. БАҚ тарапының базынасын сот қызметкерлері тыңдаған болғанымен, ешбір журналист сот залына кіре алмаған. Тіпті тілшілер полиция шақырып, сот әкімшілігі ақпарат алу құқығынан айырып отырғаны жөнінде арыз жазуына тура келген.

4 сәуір күнгі сотта Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Лейла Рамазанова бүгінгі сотқа Салтанат Нүкенованың денесіне жасалған сараптаманы жарамсыз деп тану қолайсыз деп тану жөнінде өтініш білдірген. Судья бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан.  Ал Бишімбаевтың өзі тергеу изоляторында өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын мәлімдеді. 

Прокурор Айжан Аймағанова Қуандық Бишімбаевтан ұрып-соққан жұбайына жедел жәрдем шақырудың орнына неге көріпкелге қоңырау шалғанын сұраған. Бишімбаев “бұл менің үлкен қателігім болды” деп жауап берді.

Алдын ала тыңдаудан кейінгі соттарға журналистер кіруге мүмкіндік алды. Сот барысы Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының ресми сайтынан тікелей эфирден көрсетіледі.