50 млн теңгеден артық табыс табатын қазақстандықтар еселеп салық төлейді

Ғалиасқар Думан

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров салықтар туралы заң жобасына қатысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Министр салық жүктемесі бөлінетінін атап өтті.

"Жалпы жүктеме бөлінеді. Қаржы секторына қосымша жүктеме түседі, өйткені банктер есебінен алынған пайданың бір бөлігін алып тастау керек. Табыс саласына жүктеме сән-салтанат салығын енгізу арқылы артады. Жеке тұлғаларға келсек, біз жылына 40-50 млн теңгеден астам табыс табатындар үшін прогрессивті ЖТС енгізуді қарастырамыз. Сондай-ақ депозиттер мен бағалы қағаздарға инвестициялар үшін салық салуды қарастырамыз. Бірақ бұл табысы төмен адамдарға әсер етпейді", - деді министр.

Бұдан бұрын Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев сән-салтанат салығы кез келген байлыққа салынбайтынын түсіндірген.

«Роскошь» термині қазақша аударғанда «сән-салтанат» болады. Біз соны анықтап алуымыз керек. Бұған дейін Ұлттық экономика министрі де, вице-министр де «салықты асыра байлыққа қарастырамыз. Құны өте қымбат ұшақтар, яхталар және тағы басқа асыл заттарға қарастырылады» деген болатын. Олардың тізілімі болады. Тек соларға жоғары салық салынады», - деді министр.

Еске салайық, UBS қаржы холдингі ұсынған әлемдік әл-ауқат туралы есепте Қазақстанда 57,965 долларлық миллионер бары атап көрсетілген.

Сондай-ақ, қазақстандықтардың меншігіндегі яхталар туралы мәлімет берілген.

Жуырда Дүниежүзілік банк Қазақстанға байлыққа немесе мұраға салынатын салықты енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.